Аялдама астында қалған ақтөбеліктің екі омыртқасы сынған

None
None
АҚТӨБЕ. АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде аялдаманың темір қаңқасы ұшып, әйелді басып қалды, деп хабарлайлы ҚазАқпарат тілшісі.

Күшті соққан желдің салдарынан ұшқан аялдама қаңқасынан зардап шеккен Сания Сафина қазір теміржол ауруханасында ем қабылдап жатыр. Екі баланың анасы 13 тамыз күні кешкі дауылда болған оқиғаны еске алады. 

«Екі баламмен автобуста келе жатып, кішкентайымның жүрегі айныған соң Мәншүк Мәметова аялдамасынан түсіп қалдым. Сол жерде Әлиханға қарап отырып, денсаулығын сұрадым. Отырған кезде дауыл соғып, аялдама ұшып кетті. Мен ұлымды қорғап жүріп, есімнен танып қалдым. Үлкен балам студент еді. Сол бар күшімен аялдаманың бір бұрышын ұстап, мені аман алып қалды. Екі омыртқама қатты зақым келген. Екі ай төсекте жатып, жыл бойы арнайы киім киіп жүруім керек. Балам болмағанда сол жерде жан тапсыратын едім»,- деді Сания Сафина.

Оқиға болған күні төтенше жағдайлар қызметі желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жететінін ескерткен болатын. Дауыл 5-10 минутқа созылып, бекітілмеген аялдама ұшып кетті.

«Аялдама қаңқасы менен өтіп, тағы бір әйелді жаралады. Сол күні полиция келген болатын. Олар оқиға орнына барғанда аялдаманың қаңқасы жоқ болып шықты. Бірақ сол кезде бәрі телефондарына түсіріп тұрды. Қазір полицияға барып, түсініктеме беруге адамдарда уақыт та жоқ. Бәрін де түсінемін. Дегенмен мен сотқа шағым түсіремін. Балам Алматыға оқуға кетеді, кішкентайым мектепке баруы керек. Жақында демалыс алып, бәріне дайындық жасауым керек еді. Ал мен аурухананың төсегіне таңылдым. Осы үшін жауапты адамдар жазалануы тиіс»,- деді С.Сафина

Бұл оқиғаға байланысты, Ақтөбе қалалық әкімдігі өздерінің уәждерін айтты.

«Мәншүк Мәметова көшесінде жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Әлі қолданысқа берілген жоқ. Мердігер компанияның хабарлауынша, жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүріп жатқан соң аялдама қаңқасы өзге жерге қойылған. Ол жер автобус аялдамасынан қашық. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр»,- деді әкімдік.

Соңғы жаңалықтар