Аяқты ұзарту операциясы медициналық себептерге байланысты жасалады - травматолог

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан травматологтер қауымдастығының вице-президенті, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ травматология және ортопедия кафедрасының меңгерушісі Қанат Тезекбаев саладағы адам денсаулығы үшін пайдалы және зиянды тұстар жайында өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Белгілі дәрігер Қанат Тезекбаевтың айтуынша, бүгінде елімізде 1 339 травматолог еңбек етеді, оның ішінде 1 222 маман тікелей клиникалық жұмыспен айналысады.

«Бұл ретте тек 122 маман ауылдық жерлердегі науқастарды емдейді. Қазір еліміздің ішкі аймақтарында травматологтер тапшылығы өткір тұр. Ауылдық жерлерде травматологтер тапшылығы бар. Ал, республикалық маңызы бар ірі қалалар травматологтермен 100% қамтамасыз етілген. Кейбір емханаларда жетіспеушілік бар, десек те, стационарларда мамандар жеткілікті», - деді ол.

Қанат Тезекбаев бүгінгі таңда адамдар заманауи протездермен белсенді өмір сүре алатынын айтты.

«Заманауи протездер орта есеппен 10-20 жылға дейін, кейде одан да көп қызмет етеді. Менің бір және екі протезбен жүрген науқастарым, таныстарым бар. Олар коньки, шаңғы тебеді, жүзумен айналысады. Бірақ, мұның бәрінде қалыпты жүктеме болуы қажет. Буындардың орналасуының шамадан тыс өзгеруі дислокацияны тудыруы немесе шиеленісті күшейтуі, ауырсынуды тудыруы мүмкін. Шектеулер бар, бірақ айтарлықтай емес. Адам протездермен белсенді өмір сүре алады. Ең бастысы, олар протез орнатылған соң белсенді өмір салтын ұстануға, ұйықтауға кедергі келтірген ауырсынулардан арылады. Демек, протез орнатқан соң, олардың өмір сүру сапасы жақсара түспек», - дейді Қанат Тезекбаев.

Ол адам аяғын ұзарту операциясы жайлы ойын былай сабақтады.

«Аяқты ұзарту операциясы өте ауыр және оңалтуды қажет етеді. Ең алдымен, ол медициналық себептерге байланысты жасалады. Бұл отаның абсолютті көрсеткіші – адамның бір аяғы жарақат нәтижесінде немесе буындардың қандай да бір ауруларына байланысты өспей қалуы. Науқасқа Илизаров аппараты қолданылады. Илизаров аппаратының жабық компрессиялық-дистракциялық остеосинтезі жүргізіледі. Бір жеріне остеотомия жасалады, ал басқа жерінде сүйек ұзарады. Тәулігіне 1 миллиметр ұзартылады», - деді Қанат Тезекбаев.

Дәрігер саусақтарды қытырлатудың ауыр зардаптары болмаса да, ол буындар мен сүйектердің саулығына әсер етуі мүмкін екендігін айтты.

«Адамдарда қытырлаған қозғалыстар жасап, саусақтарын қысатын немесе мойнын оңға солға бұратын әдет бар. Жеңілдегендей сезім болады. Ортопедиялық тұрғыдан саусақтарды қытырлату уақыт өте келе буындарда тұрақсыздықтың пайда болуына әкелуі мүмкін. Егер сүйек сүйекке үйкелсе, онда шеміршек тозады. Менің ойымша, уақыт өте келе адамдар бұл әдеттен бас тартады», - деп атап өтті Қанат Тезекбаев.

Белгілі дәрігердің айтуынша, иық буынын орнына салудың салдары өте қайғылы болуы мүмкін.

«Мен бұған қарсы ескерту жасағым келеді. Бізде қазір дәрігерлердің иық буынының шығып кетуін анестезиямен түзету талабы бар. Көп нәрсе науқасты арықарай емдеу әдісіне, буынның дұрыс салынуына байланысты болады. Өрескел түзету көбінесе ауыр зардаптарға әкеледі. Жалпы, иық буынын дұрыс салудың бірнеше белгілі әдісі бар және әр ортопедиялық травматолог бұл процедураның барлық нюансын біледі. Ал, түзетудің өзі үш қозғалыспен орындалады. Сондықтан, кинодағыдай буынды бір өткір қимылмен орнына келтіру мүмкін емес», - деп түсіндірді Қанат Тезекбаев.

Дәрігер Алматыда электрлі самокаттардың себебінен жол апаттары мен жарақат алған адамдардың саны азаймай тұрғанын жеткізді.

«Әдетте, бізге жастар түседі. Олар жаяу жүргіншілер өткелінде де, бір-бірімен де соқтығысып жатады. Көбінесе түтікшелі сүйектің жабық және ашық сынуы, жіліншек сынуы сияқты жарақаттар болады. Егер қолы созылған күйде құласа, білек сынады. Біріне ота жасау қажет, бірінің сынықтарын салу қажеттілігі түсінікті. Кей жағдайда бас ми жарақаттары, ауыр жарақаттардың араласуы болады», - деді травматолог.

Маманның айтуынша, электр самокат жүргізушілер көбінесе қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, қорғаныс құралдарын кимейді. Бұл өкінішті жайттарға әкеліп соғатынын көріп жүрген дәрігер жастарды жол ережелерін сақтауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар