Аяғына 11 рет ауыр ота жасалған ойыншы үлкен футболға оралды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропаның екі дүркін чемпионы, испаниялық Санти Касорла бір жарым жылдық үзілістен соң үлкен футболға қайта оралды. Ол жаңа маусымда «Вильярреал» клубында өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі клубтың сайтына сілтеме жасап.

33 жастағы футболшысоңғы рет 2016 жылғы 19 қазанда футбол ойнаған. Соған қарамастан «Вильярреал» футболшыға тағы да сенім артып отыр. Касорла бұл команданың сапында 2003-2011 жылдар аралығында өнер көрсеткен. 

Жалпы, футболшының кәсіпқой мансабына жарақат көп кедергі келтірді. Алғаш рет 2013 жылы Женевада Чилиге қарсы өткен жолдастық кездесуде Испания сапында алаңға шыққан Касорла тобығынан жарақат алады. Өкінішке қарай сол жарақатынан толық айыға алмай қояды. Лондонның «Арсенал» клубы сапында аяғының сыздап ауырғанына қарамастан жоғары деңгейде ойын көрсетіп жүрді. Алайда бірнеше жылда сол аяқ тізесінің айқыш байламына, оң аяғының Ахилл сіңіріне бірнеше рет жасалған күрделі оталардан соң Касорла футболдан біржолата қол үзіп қалды.

Ұзақ уақыт толарсағындағы ота жасалған жер жазылмаған соң, Касорла Испанияға, доктор Микель Санческе барды. Саламанка қаласында жүргізілген зерттеулер кезінде Ахилл сіңіріне инфекция түсіп, сіңірдің 8 сантиметрін жеміріп тастағаны белгілі болады.

Ондай жарақатпен футбол ойнамақ түгіл, жер басып жүру мүмкін емес еді. Абырой болғанда, сіңірінің өзіне 8 рет күрделі ота жасатып, бірнеше рет қатарынан антибиотик курстарын қабылдау арқылы инфекциядан да, жарақатынан да құтылады. Ал жараның ашық қалған аузын жамау үшін дененің басқа жерінен тері кесіп алып жапсыруға тура келеді. Дәрігерлер ол теріні футболшының қолынан - қызы Индияның есімі жазылған жерінен кесіп алады. Бұл - Касорлаға жасалған соңғы ота болды. Marca басылымына берген сұхбатында Санти футболдан ешқашан үміт үзбейтінін, бұл жарақаттар жолын бөгей алмайтынын мәлім етті.

Былтырдан бері Касорла тағы да жоғары деңгейде доп тебу үшін барын салып жаттығып келеді. Жігері мықты футболшы жаттығулардың барысын әлеуметтік желіде жанкүйерлерімен де бөлісіп отырады.

Спортшы бүгін Туиттердегі парақшасында «Вильярреал» сапында өткізген ойындарының видеосынан үзінділер жариялап, сол жетістіктерін қайталауға үміт артатынын білдірді.

 

Соңғы жаңалықтар