Аягөздегі кардиологиялық орталықтың құрылысы жаздың басында аяқталады – ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында бой көтеретін кардиологиялық орталықтың құрылысы жаздың басында аяқталмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Барлық стандартқа сәйкес келетін кардиологиялық орталық облыстық клиникадан еш кем емес. Мұнда аягөздіктерден бөлек, Үржар, Жарма, Тарбағатай аудандарының тұрғындарына да медициналық көмек көрсетіледі. Аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарымен облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапары барысында танысып қайтты.

Кардиологиялық орталық аудандық аурухана негізінде салынуда. Аурухананың бас дәрігері Шалқар Омаровтың айтуынша, бұл орталықты салу қажеттілігі бұрын туындаған. Осыған дейін өткір немесе жедел кардиологиялық патологиясы бар науқастардың дені Семей, Өскемен, Нұр-Сұлтан және Алматыдағы кардиологиялық клиникаларға ем қабылдауға жіберілетін.


Аягөздегі кардиологиялық орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісім осы жылдың 20 ақпанында жасалған. Бүгінде мұндағы жөндеу жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. 1 маусымға дейін нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр.

– Барлық қажетті құралдар сатып алынды. 15 мамырға дейін медициналық рентген-ангиографиялық аппараты орнатылады. Мұнда компьютерлік томография бар. Айта кететін бір жайт, ауруханада оттегімен қамтамасыз ету оң жолға қойылған. Мұнда өткір немесе жедел кардиологиялық патологиясы бар науқастар емделетін болады. Бізде инсульт орталығы нәтижелі жұмыс істеп тұр. Екі жылдың ішінде 1 870 адамды емдеп, 970 адамды оңалтудан өткіздік, - деді Шалқар Омаров.


Аймақ басшысы Даниал Ахметов құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Сондай-ақ ол аудандық орталық ауруханадағы өткен жылы медициналық қызмет көрсету бойынша ІІІ деңгейге өткен босану бөлімшесіне барды.

– Бұл ауылдағы медицинаның жаңа деңгейі. Жуық арада мұнда аниограф қойылады. Сонда Аягөздегі аудандық аурухананың қызмет көрсету деңгейі Өскемен мен Семейден еш кем болмайды. Бүгінде осы ауруханада жұмыс істейтін 15 дәрігер Еуропаға барып, біліктіліктерін арттырып қайтты. Бұл алға жылжудың нақты көрінісі, - деді Даниал Ахметов.

Сапар соңында облыс әкімі бес қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Биылғы 15 маусымда 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілмек.


Соңғы жаңалықтар