Аягөзде суық пәтерде отырған тұрғындардың мәселесі түбегейлі шешілмек

None
None
АЯГӨЗ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желі арқылы үйінің суықтығын айтып, шағымданған аягөздік Индира Мұхамадиеваның жағдайы әкімдік назарына ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев мәселенің мән-жайын анықтау үшін Аягөзге барды.

«Қазір қонақ бөлмеде екі бірдей ток пеш тұр. Соның өзінде температура 11°C. Жатын бөлмеде ток пеш жоқ, сондықтан онда 7 °C қана. Ал жуынатын бөлмеде тіпті 4 °C. Осындай «жылу» үшін ай сайын 9000 теңге төлейміз. Ток пеш тұтынған электр қуаты үшін 8000 және төлейміз, - дейді Индира Мұхамадиева желіде жариялаған үндеуінде.

Индира Мұхамадиеваның айтуынша, бұған дейін Өскеменнен арнайы адамдар келіп, оның үйіндегі температураны арнайы құрылғымен өлшепті. Екі бірдей ток пеш қосылып тұрғанына қарамастан, қонақ бөлмедегі жылудың 11°C қана екеніне көздері жетіп қайтқан.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев мәселенің 3-4 күнде шешілетінін айтты.

«Қазандықтан шыққан жылудың температурасы 60°C-тан кем болмауы тиіс. Ал мұнда 50°C қана. Себебі, жылу алмастырғыш құрал бітеліп, ескірген. Мен қазір сол нысанның басында жүрмін. Аудан басшыларымен бірге мәселені шешіп жатырмыз. 3-4 күннің ішінде барлық үйлерге жылу қажетті мөлшерде берілетін болады. Жылу алмастырғышты жаңалаймыз», - деді М.Мұсатаев.

Жылу алмастырғыш бөлшекті жаңалау арқылы Аягөздің жылу мәселесі түбегейлі шешілмесі анық. Сол үшін облыс әкімдігі «Аягөз жылу» ЖШС-не шарт қойып отыр. Бір айдың ішінде жылу компаниясы ескірген қондырғылар мен жылу құбырларын жаңалайтын инвестор табуы тиіс. Олай етпеген жағдайда қазандықты аудан әкімдігі сатып алады да, келесі маусымға бюджет есебінен жөндейді.

Қазір Аягөзде жедел штаб құрылып, жылу мекемелерінде тәуліктік кезекшілік жұмыс істеп тұр.

Соңғы жаңалықтар