Аягөзде бойжеткен қарияны соққыға жықты
2018 жылғы 15 ақпан 14:40

Аягөзде бойжеткен қарияны соққыға жықты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында 77 жастағы жалғызілікті қартты бойжеткен тонап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«102» нөміріне хабарласқан ақсақал белгісіз адамның өзін талдырып, ақшасын алып кеткенін айтып хабарласқан. Түнгі сағат 01.00 шамасында тысқа шығып, қораға беттеген қарияны медициналық бетперде таққан адам талдырып кеткен. Қарияның қалтасында 90 мың теңге болған екен. Жедел ісздестіру шараларының арқасында тонаушының 22 жастағы бойжеткен екені анықталды. Ауылға қонақ боп келген тонаушының жалғызілікті қарияның қалтасында ақша барын қайдан білгені белгісіз.

Күдікті сасқалақтап жүріп, бір қолғабын оқиға орнында түсіріп алады. Осы қолғап оның соңына түсуге себепкер болған.

Қазір бойжеткенге бұлтартпау шарасы қолданылуда. Ол өз кінәсін толық мойындаған. ШҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 191 бабы бойынша соталды тергеу жұмыстары тағайындалды.

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT