Ай сайын 2,5 млн адам eGov мобильді қосымшасын белсенді пайдаланады – министр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы eGov мобильді қосымшасында қолжетімді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Digital Almaty 2023: жаңа болмыстағы цифрлық әріптестік» атты халықаралық форум барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ай сайын 2,5 миллион адам eGov мобильді қосымшасын белсенді түрде пайдаланып жатыр. Қазірдің өзінде 20 цифрлық құжат енгізілді. Күн сайын қосымшаға 200 мың қолданушы кіреді. Көрсеткіш әлі де өсе береді деп ойлаймын. Бірақ біз eGov mobile-ның танымалдылығына ғана мән бермейміз сонымен қатар барлық сала үшін мүмкіндік жасап жатырмыз», - деді министр.

Сондай- ақ ол QR қолтаңбасы туралы айтты.

«QR қолтаңбасы жүзеге асырылуда. Сот кеңсесіне кіруге немесе «Отбасы банкінде» ипотекалық несиеге құжаттарға қол қою үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны флэшкада алып жүрудің қажеті жоқ. eGov ұялы телефоныңыз арқылы сканерлеу үшін QR-код жеткілікті. Бүгінде әрбір адамның телефонына eGov mobile қосымшасы жүктелген, QR сканері арқылы кез келген құжатқа қол қоюға болады», - деді ол.

Министр eGov мобильді жүйесінде енгізіліп жатқан инновациялар бүкіл салаға қолжетімді екенін атап өтті.

«Сондай-ақ eGov mobile-ге біз eOtinish, eDensaulyk сияқты қызметтерді енгіздік. Мысалы, eOtinish арқылы 2,5 миллион Қазақстан азаматы мемлекетке түрлі мәселелер бойынша өз өтініштерін жолдады, ал eDensaulyk сайтында біз көптеген медициналық қызметтерді іске асырдық»,- деді Бағдат Мусин.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта барлық мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы eGov мобильді қосымшасында қолжетімді. Қазірдің өзінде 50 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.


Соңғы жаңалықтар