Ай, Марс, теңіз ғарыш айлағы: Қытай ғарышты игеруде әлемдік көшбасшылықтан үмітті

None
Фото: digitnews.in
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта ҚХР ғарышкерлікті өте қарқынды дамытып, әлемдік ғарыш көшбасшысы болуға ұмтылып отыр. Қытайдың ғарышты игерудегі жетістіктері мен таяу болашаққа арналған жоспарлары жайында ҚазАқпарат материалынан оқыңыздар.

Қытай - ғарыш стансасын салған әлемдегі үшінші ел

2022 жылдың соңында Қытай ең бірінші «Тяньгун» («Аспан сарайы») ғарыштық көпмодульді орбиталық стансасын құрастыруды аяқтады. «Аспан сарайы» стансасының салмағы 69 тоннаны құрайтын үш модулі шамамен 400 шақырымдық биіктікте ұшып жүр. Қытайдың орбиталық кешені кемі 10 жыл қызмет көрсетеді деген болжам бар.


Фото: wikiwand.com


Соңғы жылдары Қытай басқарылатын ғарышкерлікті дамытумен қатар әлемде ең бірінші болып Айдың ту сыртына Ай бетінде жүретін аппарат жіберіп, Ай қыртысының үлглерін Жерге жеткізді. Марс бағдарламасын да жүзеге асырып жатыр.

Таяда ҚХР Мемлекеттік кеңесі жариялаған «Қытайдың ғарыш бағдарламасы туралы ақ кітапта» Қытайдың 2016 жылдан бергі ғарышкерлік саласында қол жеткізген негізгі жетістіктерінің қысқаша сипаттамасы беріліп, таяу 5 жылдағы жаңа міндеттері жария етілген. «Ақ кітапта» «Чанчжэн» («Ұлы жорық») тобына кіретін зымыранды «уытсыз әрі экологиялық таза ұшыруға қарай» жаңғыртуды жеделдету қажеттігі көрсетілген.


Фото: Weibo.com


2016-2021 жылдардың аралығында қытай тарапы 207 ұшырылым, оның ішінде «Чанчжэн» тобына кіретін 183 зымыран тасымалдағышты әуе кеңістігіне жіберді. Ал ұшыруға тырысқан зымыран саны 400-ден асып жығылады.

Ғарыш саласының қандай бағыттары дамытылады ?

Қытай зымыран құрастыру саласында зымыран тасымалдағыш топтарын кеңейтуге, жаңа буынды басқарылатын зымыран тасымалдағыштар мен қуатты қатты отынмен ұшатын зымырандарды ғарышқа жіберуге ниетті. Жүк тасымалдау мүмкіндігі жоғары зымыран тасымалдағыштарды зерттеу әрі әзірлеу жұмыстарын жеделдету маңыздылығы да атап өтіледі.


Фото:NASA


Қытайдың ауқымды жоспары Жерді қашықтан зондтаудың спутниктік жүйесін дамытуға және «BeiDou» навигациялық жүйесін жаңғыртуға да қатысты. «BeiDou» жер ресурстары спутнигі, экологиялық апаттарды басқаруға арналған «Huanjing Jianzai-2A/2B» спутнигі, жоғары ажыратымдылығы бар көпрежимді спутник ұшырылды. Қытай «Haiyang-1C/1D» және «Haiyang-2B/2C/2D» спутниктерінің көмегімен әлемдік мұхиттың кез келген ауданын жоғары ажыратымдылықпен қадағалай алады.

Геостационарлық орбитадағы «Fengyun-4A/4B» жаңа буынды метеорологиялық спутнигі кез келген ауа райы кезінде атмосфераға және табиғи апаттарға нақты әрі үздіксіз мониторингті жүзеге асыруға қабілетті. Ал «Zhongxin-6C» және «Zhongxin-9B» спутниктері тарату және телевидение қызметтерінің үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.

Жерді мониторингілеудің және бүкіл әлемнен деректер жинаудың жаңа технологиясы

Қытай жоғары және төменгі орбитада ғарыш аппараттарымен қатар жұмыс істейтін спутниктік байланыс желісін салуды, екінші буынның деректерін ретрансляциялаудың спутниктік жүйесін құруды жоспарлап отыр. Жерді тиімді жан-жақты мониторингілеу және бүкіл әлемнен деректерді жинау үшін екі антеннасы бар X-диапазонды синтезделген апертуралы интерферометриялық радар (InSAR) әзірлеу жоспарда бар. Бұған қоса, «BeiDou» 30 спутнигінен жасақталған навигациялық жүйені жасау аяқталып, пайдалануға берілді. Енді алдағы 5 жылдың ішінде олар келесі буынға дейін жаңғыртылатын болады. Сонымен қатар жаңа, барынша нақты жайғастру және навигация (PNT) ұлттық жүйесі әзірленбек.


Фото: news.cn


ҚХР 2028 жылы халықаралық Ай стансасын салуды жоспарлауда

Басқарылатын ғарышкерлікті дамыту және алыс ғарышты зерттеу саласында «Айға адам түсіру жоспары бойынша технология әзірлеуді, жаңа буынның басқарылатын ғарыш кемесін жасауды, Айдың төңірегіндегі кеңістікті зерделеу және игеруге негіз қалыптастыру үшін негізгі технологияларды зерттеуді» жалғастыру көзделіп отыр.


Фото: news.cn


Бұған дейін Қытайдың Айды игеру бағдарламасының бас конструкторы У Вэйжэнь халықаралық Айды зерттеу стансасының (ILRS) базалық құрылымын 2028 жылға қарай салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын. Станса Айға қонатын аппараттан, айдың бетінде жүретін аппараттан, энергетикалық блоктан, коммуникациялық инфрақұрылымдар мен адам өмірін қамтамасыз ететін жүйеден тұрады. ILRS базалық пішіндемесі «Чанъэ-6, 7 және 8» миссиясы барысында салынады. Станса пайдалануға берілгеннен кейін оған ең алдымен қытай астронавтары орналасатындығы, ал онда кейін өзге серіктес елдердің астронавтары қоныстанатыны күтіледі. Дегенмен, уақыттың басым бөлігінде станса адамдарсыз бос тұрмақ.


Фото: news.cn


Соңғы 5 жылдың ішінде Қытай Ай бетінен геологиялық үлгілерді тасымалдау жобасын қоса алғанда 5 мәрте «Чанъэ» миссиясын жүзеге асырды. Сонымен қатар таяу 10-15 жылдың ішінде Ай мен Марсқа жетіп қона алатын аса қуатты басқарылатын зымыран тасымалдағыш әзірлеуді жоспарлап отыр. Мұнан бөлек, 5 жылдың ішінде Жерге тақау орнасқан астероидтер мен Марстан топырақ сынамасын Жерге жеткізу жөніндегі басты технологиялық зерттеуді аяқтамақ.

Құрлық пен теңіздегі ұшыру алаңдарының желісі

Қытай басқарылатын ғарыш кемелерін, ғарыш стансаларының модульдерін алыс ғарыш зондтары мен спутниктердің барлық түрлерін ұшыру қажеттілігінің артуын қамтамасыз ету үшін елдің жағалау, сондай-ақ ішкі аудандарында ұзақ және шағын биіктік пен түрлі траекторияны қамтитын ұшыру алаңдары желісін құрды. Бірінші теңіз ғарыш айлағының жұмысы басталды.


Фото: novosti-kosmonavtiki.ru


Келесі 5 жылда Қытай жаңа технологияларды дайындау мен қолдануға баса назар аударып, жаңа ғарыштық материалдарды, құрылғылар мен әдістерді орбиталық сынақтан өткізеді. Сонымен қатар мына салаларда жаңа технологияларды сынайды: ғарыш аппараттарын интеллектуалды өзін өзі басқару, ғарыштық миссияны кеңейтетін көлік құралдары, инновациялық ғарыш қозғалтқышы, ғарыш аппараттарына орбиталық қызмет көрсету және жөндеу, ғарыш қоқыстарын тазарту.

Ғарыш аппараттарын ұшыру көшбасшысы – Қытай

Бүгінде Қытай толыққанды ғарыш державасына айналып отыр. Ел өнеркәсібі мен ғылым да ғарыш бағдарламасын дербес жүргізуге мүмкіндік береді. Дегенмен, Қытай ғарышкерлік саласында халықаралық ынтымақтастыққа дайын.

«Ақ кітапта» келтірілген деректерге сәйкес, 2016 жылдан бері Қытай 19 елмен және өңірмен, 4 халықаралық ұйыммен ғарыштық ынтықмақтастық саласындағы өзара түсіністік туралы 46 халықаралық келісімге немесе меморандумға қол қойған.


Фото: news.cn


Биыл Қытай ғарышкерлігі үшін өршіл жыл саналады. Ғарыштық ұшырулар саны бойынша Қытай көшбасшылығы қалыпты іске айналған. Қытайдың аэроғарыш ғылымы мен технологиясы корпорациясы осы жылы ғарышқа 200 ғарыш аппаратын жіберу үшін замамен 70 ұшырылымды жүзеге асырмақ. Сол арқылы елдің ұлттық ғарышкерлік тарихында ұшырылым бойынша рекорд жаңартылмақ.

Жоспарға сәйкес, 2023 жылы да түрлі модификациядағы «Чанчжэн» зымыран тасымалдағышын Қытайдың бірінші орбиталық ғарыш стансасына тайконавттар мен жүктерді жеткізу үшін пайдалануды жалғастыру жоспарланып отыр.


Фото: news.cn


Соңғы жаңалықтар