Автожолдардағы жағдай әлі де күрделі - Ерлан Тұрғымбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, автожолдардағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Қазақстанның 10 облысында күрделі метеорологиялық жағдай сақталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындарға жолға шығу жоспарын кейінге шегере тұрып, жолдың ашық немесе жабық екенін бақылап отыруды сұрайды. Әсіресе, елордада жағдай күрделі. Жуық арада жел күшейіп, аяз басталады және ауа температурасы төмендейді деп күтілуде.

«Эвакуациялық-құтқару жұмыстарына шамамен 2 мыңдай полиция қызметкері, төтенше жағдай және Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері тартылды. Жолда жүруде жоғары мүмкіндігі бар 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстың бәрі ауа райының қиын жағдайында жүргізіліп жатыр. Сондықтан азаматтар өз қауіпсіздігі үшін елдімекендер арасындағы жолдармен жүруден аулақ болуы керек. Мұндай жағдайда «өзімбілемдік» қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін», - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Хабарланып отырғандай, 26-27 қаңтарда қабылданған шаралардың арқасында 2 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Олардың ішінде жүзге жуық бала бар.

Қар құрсауынан 1400-ге жуық техника шығарылды. Айта кетерлігі, жекелеген жүргізушілер бекеттерді айналып өтіп, өз өмірімен бірге жолаушыларға да қауіп төндірген.

«Төтенше жағдайдың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі азаматтарға ескерту хабарламаларын ескеріп, ішкі істер органдары мен төтенше жағдай қызметкерлерінің нұсқауын орындауға кеңес береді», - деді Ішкі істер министрі.

Жергілікті атқарушы органдарға қажет болған жағдайда эвакуациялау пунктілері мен жылу-электр пунктілерін орналастыру жөнінде шаралар қабылдау ұсынылады.

Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасуда. Жол жабылғаны туралы ақпарат әр 2 сағат сайын жаңартылып отырады.


Соңғы жаңалықтар