Автожол саласы заң жүзінде реформаланатын болады

None
None
АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне автожол саласын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасы сапалы жолдармен қамтамасыз етуге, оны күтіп ұстауға, білікті мамандарды тарта отырып, саланы басқаруды қайта оңтайландыруға бағытталады. Реформалау шеңберінде республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын күтіп ұстауды қазіргі күні жол қызметін атқарып отырған «ҚазАвтожол» акционерлік қоғамы жүзеге асырып, ол компания алдағы уақытта да ұлттық оператор ретінде басқаруды жалғастыра беретін болады. Соған орай, заң жобасында «ҚазАвтожол» мен көлік министрлігінің құзыреттік аражіктері ажыратылады.

Атап айтқанда, саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру, жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарын жоспарлау, нормативтік құқықтық актілер мен стандарттарды енгізу, жол құрылысының сапасына бақылауды күшейту шараларын Көлік және коммуникация министрлігі жүзеге асыратын болады. Ал ұлттық оператор автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу мен ұстау жұмыстарын ұйымдастырып, бақылайды. Ақылы автомобиль жолдарындағы төлемдер жинауды жүзеге асырады.

Бұдан бөлек, реформалау шеңберінде 224 мемлекеттік қызметші қысқармақ. Ұлттық оператордың жеке инвестиция тарту есебінен мемлекеттік жекеменшік әріптестікті дамыту үшін жағдайлар жасалады. Ол жол жөндеу жұмыстарының көлемін ұлғайтуға, сервистік қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.

Соңғы жаңалықтар