Автоүйде тұрып жатқан жас отбасы көлігімен ел аралағысы келеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында жас отбасы автоүйде тіршілік етіп жатыр. Ерлі-зайыптылардың алдағы арманы - автоүймен ел аралап, саяхаттау. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ерекше үйде тұрып жатқан шымкенттік отбасымен әңгімелескен еді.

Түркістан облысының тумасы ерлі-зайыпты Нұржігіт Балтабай мен Томирис Әбдіқадыр соңғы бір ай шамасында автоүйді паналап отыр.

«Жалпы автоүйде тұру, автоүймен саяхат жасау тәжірибесі шет елдерде жақсы дамыған. Біз де соны көріп қызығып, автоүйде тұрамыз деп шештік. Тұрып жатқанымызға бір ай болып қалды. Автоүйді хабарландыру арқылы тауып, Қарағанды қаласынан алып келдік. Әзірге осында тұрамыз, одан әрі уақыт көрсетеді. Біз Қазақстанның біраз өңірінде болмағанбыз. Сондықтан алдағы уақытта ел аралап, саяхат жасау ойымыз бар. Еліміздің әдемі жерлерін өз көзімізбен көргіміз келеді. Қазірдің

өзінде Шымкенттің маңындағы елдімекендерді аралап жүрміз», - деді Нұржігіт Балтабай.

Отағасы Нұржігіт автоэлектрик болып жұмыс істейді, ал зайыбы Томирис қолөнермен айналысады.

«Біздің автоүйде тұру идеямызды жақындарымыз қолдады. Ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Оның үстіне бұл жерде тұрмысқа қажетті заттардың бәрі бар, жағдай жасалған. Автоүйдің ұзындығы - 5 метр, биіктігі - 3 метрді құрайды. Біз үшін ыңғайлы. Бастысы шағын, жинағанда көп уақыт алмайды. Бірақ тез жылып, тез суиды. Енді ғана тұрып жатқандықтан әзірге аса қиындық, кедергі болмады. Өткенде жаңбыр жауғанда төбесінен су ақты, оны жөндедік. Автономды жылу жүйесімен жұмыс істейді. Яғни солярка қолданамыз», - дейді ерлі-зайыптылар.

Жас отбасы автоүйде тіршілік етуге қатысты жайттармен алдын ала танысып, дайындалған.

«Автоүйдегі тіршілігіміздің кейбір сәттерін әлеуметтік желіге салып тұрамыз. Бізге қолдау танытып, игі тілегін білдіріп жатқан азаматтар баршылық. Арасында қонақтарды күтеміз. Осында тұрғалы туыстарымыз, жолдастарымыз келіп жатыр. Оларға бәрі қызық. Жолдастарымыз барлығын өзіміз көтереміз, автоүймен тауға, балық аулауға шығайық деп ұсыныс жасап жатыр. Негізі автоүйде 4 адамға дейін қонуға болады», - деді жас отбасы.


Соңғы жаңалықтар