Автонесиенің жаңа түрі: «7-20-25»-пен көлік алудың тиімді тұстары қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі «7-20-25» бағдарламасы негізінде автонесие беру жүйесін іске қосу қажеттігін бұған дейін хабарлаған. Бас банкир Данияр Ақышевтің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың екінші жартысында жаңа бастама қолға алынады. Бәлкім, сол кезде екінші деңгейлі банктер автонесиенің жаңа түрін беруді бастайды. Сонда қазіргі 4 проценттік автонесие қайда кетеді? Оның басты артықшылығы қандай? Жаңа бағдарлама несімен тиімді? ҚазАқпарат тілшісі осы саладағы шет елдердің тәжірибесін пысықтап, «7-20-25» бағдарламасының тиімді тұстарын сараптап көрген еді.

Ресейде автонесиелер қалай беріледі?

Көрші Ресей Федерациясында автонесиенің мөлшерлермесі 17 процентке дейін барады екен. Алайда кейбір банктер процентсіз несиелерді де ұсынады. Оны алу үшін бастапқы жарна құю қажет. Сонда банк автосалонға қалған ақшаны аударып береді. Ал көлікті алған адам ол ақшаны банкке біртіндеп қайтарады. Банктер процентсіз несиенің көлеміне шектеу қоймауы да мүмкін. Соның арқасында қымбат шетелдік көлікті де алуға мүмкіндік бар. Дегенмен, процент болмаса, банктер қалайша пайда табады? Негізі, процентсіз несие берілгенде автосалон мен банк алдын ала келісімшартқа отырады. Оған сәйкес, банк көлік алған адамның қарызын өзіне сатып алады. Бірақ банк үшін ол қарыздың мөлшері аздау болады. Міне, банктер осы айырманың есебінен пайда табады.

Көлік сатып алған адам болса, ресми бағаның екінші жартысын банкке асықпай қайтарады. Ондай несиенің проценті болмаса да, несиені рәсімдегені үшін міндетті түрде ақы алынады. Бұдан бөлек, банк есепшотына қызмет көрсеткені үшін, ай сайынғы төлем үшін, қарызды алдын ала өтегені үшін, несие картасын жасап берсе, оған қызмет көрсеткені үшін де процент жазылуы әбден мүмкін. Әлбетте, төлемді кешіктіргені үшін де міндетті түрде өсімақы болады. Процентсіз автонесиенің алғашқы жарнасы көп жағдайда 50 проценттің мөлшерінде белгіленіп отырады. Ал несиенің мерзімі қысқа. Бұдан бөлек, «КАСКО» атты автосақтандыруды рәсімдеу керек. Оның бағасы сәл қымбаттау болады. Осылайша, банктер өз пайдасын көріп отырады.
null

Дегенмен, процентсіз несиенің тиімді тұстары да аз емес. Мәселен, ай сайын негізгі қарызды жауып отыруға мүмкіндік бар. Автонесиенің класикалық түріне қарағанда процентсіз несие тиімді. Ал проценті бар несиелердің мөлшерлемесі мерзіміне қарай жазылады. Бір жылға дейін 14 процент болса, 3-5 жылға алынған автонесие үшін 16 процент төлеуге тура келеді.

Айтпақшы, Ресейде көлікті жеңілдікпен сатып алудың мемлекеттік бағдарламасы да бар. Бізде осы іспетті бағдарлама аясында автонесиенің проценттік мөлшерлемесі төмендетілсе, көршілер көліктің бағасын азайтады, бірақ проценттік мөлшерлеме сол күйінде қалып отырады. Көрші елде аталған бағдарлама тағы екі жылға ұзарыпты. Оған сәйкес, көліктің бағасы 1,5 млн рубльден (қазіргі курспен 8,6 млн теңге - авт.) аспауы тиіс. Бағдарлама аясында көлікті сатып алған адамға 10 проценттік жеңілдік беріледі. Бірақ ондай жеңілдіктер барлығына бірдей жасалмайды. Азаматтардың нақты екі санаты бар. Авто сатып алушының алғашқы көлігі болса ғана бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар. Сосын сатып алушы адамның кәмелеттік жасқа толмаған екі баласы болса, 10 проценттік жеңілдік беріледі. Осылайша, ресейліктер баға жағынан жеңілдік алып, жаңа көлік міне алады. Алайда проценттік мөлшерлеме жағынан жеңілдік жоқ, оларда.

АҚШ-та автонесие шарттары қандай?

Америкада әрбір штатта автонесиенің проценттік мөлшерлемесі әртүрлі. Дегенмен, кәдімгі класикалық несиенің өзін 0,5 процентке алуға болады екен. Әрине, ондай несиені рәсімдеу оңай емес. Себебі банк болсын, дилер болсын, қарыз алушының кредиттік тарихын, жалақы мөлшерін және тағы басқа мәселелерді жан-жақты зерделейді. Бірақ несие беретін басқа ұйымдардың мөлшерлемесі де үлкен емес, 1,4-3,5 проценттің айналасында. Сосын адамдардың мамандығы мен істейтін жұмысына қарай автонесие беретін орталықтар аз емес. Сан алуан сайттардар «deals»-тарды, яғни тиімді ұсыныстарды да табуға болады. Әсіресе, жаңа көліктерге берілетін «deals»-тар көп. Бірақ оның өзі нақты бір маркаларға ғана таралуы мүмкін. Ал 2 проценттік автонесиенің өзін 4 жылға алуға мүмкіндік бар.

Негізі, АҚШ-та автонесиеге деген сұраныс біртіндеп азайып келеді. Соңғы жылдары халық жеңіл көліктерді лизингке көптеп ала бастады. Ондай қызметтің тиімді тұстары көп. Біріншіден, техникалық қызмет, қысқы шина, май ауыстыру, жыл сайын көлік салығын төлеу және тағы басқа жұмыстарға уақыт кетіріп, бас қатырудың қажеті жоқ. Барлығын арнайы лизингтік компания жасайды. Адам көлікті жалға алғандай болады, ай сайын төлемақысын төлейді. Басқасына алаңдамайды. Екі-үш жылдан кейін көліктің қалған сомасын төлеп, толығымен жеке меншікке аударуға болады. Бірақ америкалықтардың көбісі олай істемейді. Олар жаңа көлікті лизингке ала салады. Осылайша, темір тұлпарларын үнемі жаңартып отырады.
null

Бір жағынан автонесие де, лизинг те көлікті жеке меншікке сатып алуға мүмкіндік беріп отыр. Бірақ лизингтің артықшылығы басым. Оның ай сайынғы төлемдері көп жағдайда төмен болады. Ал ақша аудару кестелері адамның ыңғайына қарай жасалады. Келісімшартты жасау да оп-оңай, көп құжат жинаудың қажеті жоқ. Лизингті мобильді қосымша арқылы ұсынатын компаниялар да бар. Ал, ең бастысы, екі-үш жылда ескірген көлікті жаңасына айырбастай салуға болады. «Сөз жоқ, кез келген адам әдемі әрі заман талабына сай көлікті қалайды. Ал қазіргі техникалық прогресс заманында автомодельдер жылдам жаңарады. Кеше ғана шығарылған көлік маркасы бір-екі жылда моральдық тұрғыда ескіріп қалады. Сол себепті заңды бір сұрақ туындайды. Екі-үш жылдан кейін машинаны ауыстырамын десең, несие алып, оның толық сомасын төлеудің қажеті қанша? Лизингке алып, артынан жаңасын ала салған тиімді емес пе? Техникалық байқау, автосақтандыру және тағы басқа артық шығындар шықпайды», - дейді сарапшылар.

Бүгінде жеңіл көліктерді лизинге алу жағынан АҚШ көш бастап тұр. Онда жаңа көліктердің үштен бірі жалға беріледі. Еуропа халқы да солай істейді екен.

Қазақстанның «7-20-25» автонесиесі несімен тиімді?

Ағымдағы жылдың екінші жартысында Ұлттық банк «7-20-25»-тің негізінде автонесие бағдарламасын іске қосуды көздеп отыр. Осы орайда маңызды бір сауал туындайды. Жаңа бастама қолға алынса, қазіргі 4 проценттік автонесие бағдарламасы тоқтап қалмай ма? Негізі, аталған несиенің тиімді тұстары баршылық. Проценттік мөлшерлемесі төмен, артық төлейтін ақшасы да көп емес. Дегенмен, оған жыл сайын бюджеттен қосымша қаражат бөліп отыру қажет. Онсыз 4 проценттік автонесиені беру қиын. Биыл да солай болып тұр. Қазіргі кезде екінші деңгейлі банктер қосымша қаражатты күтіп отыр. Содан кейін несиелерді беруді бастаймыз дейді. Былтырдан бері кезекке тұрған адамдардың саны да көп екен. Сондықтан өтініш берген күннің өзінде біршама уақыт күтуге тура келетін сияқты. Қазақстанның автобизнес қауымдастығының мәліметіне сәйкес, 4 проценттік автонесие бағдарламасы қолға алынғалы бері 13 056 жеңіл автокөлік аталған шарттармен сатылды.

null

Жаңа бағдарламаның мөлшерлемесі 7 процент болады. Аталған несиені қайтару мерзімі де ұзақ - 25 жыл. 4 проценттік автонесие ары кетсе 7 жылға беріледі. Бірақ оның артық төлейтін ақшасы көп емес, ары кетсе, 600 мыңнан асады. Алғашқы жарнасы да 10 процент. Ал «7-20-25»-пен автонесие беретін болса, ақшаның 20 процентін құю қажет. Сосын 25 жылдың ішінде біраз ақшаны артығымен төлеуге тура келеді. Дегенмен, ай сайынғы төлемнің мөлшері аз болады.

Сонымен, жаңа автонесие бағдарламасының басты артықшылығы - ай сайынғы төлемнің төмен болуы. Шамамен, 25-35 мың теңге. Ал қазіргі 4 проценттік автонесиенің жақсы жері, банкке артық ақшаны көп төлемейсің. Бірақ екеуін де іске қосу үшін бюджеттен қосымша қаржы қажет екені белгілі. Ұлттық банк жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға мүдделі болса, 4 проценттік автонесие қалып қоюы әбден мүмкін.
null

Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы қазақстандықтар 60 мың жаңа көлікті сатып алды. Соның тең жартысы - өз елімізде құрастырылған автомобильдер. Жалпы, былтыр Қазақстан xалқы жаңа көліктерді сатып алуға 547 млрд теңге жұмсады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24 процентке артық. Әрине, аталған көрсеткішке ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы да, 4 проценттік автонесие де оң ықпалын тигізді. Енді, көліктер «7-20-25» принципі бойынша несиеге берілетін болса, жаңа көліктерге деген сұраныс артады деген сенім бар. Сөз жоқ, отандық өндіріс те күшейе түседі. Бәлкім, болашақта біздің де санамыз өзгеріп, көлікке жеке меншік емес, таза жүріп-тұрудың құралы ретінде қарайтын боламыз. Сол кезде АҚШ-тың тұрғындары сияқты машинаны лизингке алып, темір тұлпарызды екі жыл сайын ауыстыратын боламыз...

Соңғы жаңалықтар