Автонесие: Смартфон арқылы өтінім беру әзірге мүмкін емес

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Кеше елімізде жеңілдетілген пайызбен автонесие беру науқаны басталды. Осы орайда клиенттер өтінімді смартфон арқылы бере ала ма? Бұл сұраққа «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір смартфон арқылы өтінім беру мүмкін емес. Өйткені, смартфон арқылы электронды цифрлық қолтаңбаны қою қарастырылмаған. Мұндай шектеу боттардан қорғаумен байланысты. Екіншіден, өз орнын өзге адамға ұсынуға жол бермеу мақсатында. Сондай-ақ, интернет алаяқтардың әрекетінен қорғану да маңызды. Әзірге өтінімді тек стационарлық компьютер арқылы беруге болады», - деді Ринат Гаппаров Үкімет үйінің кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Одан бөлек, қор өкілі дилерлердің көлік алып үстеме бағамен қайта сату мүмкіндігіне қатысты түсінік берді.

«Қайта сату мүмкін емес, өйткені әр клиенттің өз ЖСН көрсетіледі. Сонымен қатар клиенттің аты-жөні, төлем шоты көрініп тұрады. Яғни оны басқа адамға беру мүмкін емес. Деректердің базасы бақыланады және банктердің несие беруде өз талабы бар. Біздің тарапымыздан да бақылау бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, автонесиеге өтінім беру платформасы уақыт өте келе жетілдіріледі.

Бұған дейін жеңілдетілген автонесиеге Үкіметтен қосымша қаражат сұрау мүмкіндігі туралы хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар