Автонесие бағдарламасына қандай өзгерістер енгізіледі

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Көлік алуға берілетіне жеңілдетілген несие бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Оның қорытындысы 15 мамырға дейін жарияланады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Jibek joly телеарнасының Мәжілістегі мобильді студиясында берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жеңілдетілген автонесиеге қатысты өзгерістер төрт бөліктен тұрады. Бұған дейін БАҚ өкілдері автонесие алған азаматтардың аты-жөні неге жарияланбайтынын сұраған еді. Осы орайда, алғашқы өзгеріс – енді сайтта автонесие алған азаматтардың аты-жөні жарияланады. Әрине, клиенттің рұқсаты арқылы. Екінші өзгеріс, қымбат көлік сатып алуға шамасы жететін автонесие алушыларға қатысты. Мысалы, 10 млн теңге несие беріледі, бірақ клиент 15 млн теңгенің көлігін алғысы келеді, демек қалған 5 млн-ды өз қалтасынан төлейді. Осы шартты өзгерткіміз келіп отыр. Қымбат көліктердің орнына сұранысқа ие, халықтың қалтасы көтере алатын автомобиль маркаларын қатыстыру», - деді Марат Қарабаев сұхбат барысында.

Министрдің айтуынша, келесі өзгеріс жалақыға қатысты.

«Белгілі бір мөлшерден артық жалақы алатын азаматтарға автонесие бермеу. Оның орнына жеңілдетілген несиені айлығы шектен аспайтын клиенттерге беруді жөн деп отырмыз. Бұл шара халық үшін тиімді ету мақсатында қолға алынып отыр. Енді шекті жалақы көлеміне келсек, біз операторға талдау жүргізуді тапсырдық. Айтар болсақ, қазақстандықтар негізінен қандай көліктерді жиі алады? Ол көліктердің бағасы қанша және оны сатып алған азаматтардың жалақысы қандай? Талдау жүріп жатыр, сондықтан дәл қазір есеп дайын емес. Бірақ, талдаудың нәтижесі 15 мамырға дейін жарияланады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы бүгінде қорға 4 млрд теңге жиналғанын, сома 5 млрд теңгеге жеткенде автонесие бағдарламасы қайта іске қосылатыны туралы айтты.

«Несиеге өтінім беруді онлайн еткен себебіміз – адамдар екінші деңгейлі банктерге барып кезекке тұрды. Содан соң халық арасында сол кезектің қаншалықты әділ өтіп жатқанына күмән туды. Күмәнді жою үшін біз онлайн жүйеге көшірдік, ол жерде адам факторы мүлдем жоқ», - деп толықтырды М. Қарабаев.

Одан бөлек, министр халық сұранысына қарай алдағы уақытта автонесие бағдарламасына тағы да өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін тілге тиек етті.


Соңғы жаңалықтар