Автомобильді утилизацияға тапсыратындар арнайы сайт арқылы көліктің бағасын біле алады
2016 жылғы 17 қараша 13:42

Автомобильді утилизацияға тапсыратындар арнайы сайт арқылы көліктің бағасын біле алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келесі дүйсенбіден бастап Қазақстанда ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы ашылады. Сол күні қазақстандықтар арнайы сайтқа кіріп, тапсырғысы келетін көліктің бағасын біле алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, аталған бағдарлама аясында 3,5 тоннадан аспайтын жеңіл көліктер қабылданады. Ал утилизациялық төлемнің көлемі автомобильдің теxникалық жағдайына қарай белгіленеді. Толық комплектациясына 150 000 теңге берілсе, істен шыққан көліктер үшін 48 000 теңге төленеді. Қазіргі кезде республика бойынша 17 қалада қабылдау бекеттері жасақталды.

"Ескі көлікті тапсыру үшін алдымен сол аймақта квотаның бар жоғын тексеріп алу қажет. Сондай-ақ www.avto.recycle.kz сайтынан көліктің қай санатқа жататынын білуге мүмкіндік бар. Енді, дәл қазір біз есікті бөлек, шанақты бөлек есептеп жатқан жоқпыз. Әзірше, екі-ақ категория бар. Ол - 150 және 48 мың теңгенің өтемақысы", - дейді "ӨКМ (өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері) Операторы" ЖШС басқарушы директоры Рустам Темірбеков.

Оның айтуынша, бағдарлама аясында ескі көлікті қабылдау бекетіне дейін жеткізу қызметі қарастырылмаған. Сондықтан көлік иесі оны өз күшімен алып келуі тиіс. Алайда кейбір жерлерде ескі көліктерді жинап, бәрін бірден қабылдау бекетіне жеткізуге ниет білдіргендер бар.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT