Автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімі қалыптасады - Ербол Қарашөкеев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу аяқталуға таяу. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Субсидиялаудың жаңа жүйесінің басты жаңалықтарының бірі - оны цифрлық форматқа көшіру. Қазіргі уақытта субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірлеу аяқталуда. Оның негізгі функционалы автоматты режимде субсидия алушылардың тізілімін қалыптастыру, олардың Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы сыныптауышы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер санатына сәйкестігін тексеру, субсидия алушылардың қарсы міндеттемелерін тіркеу және олардың орындалу дәрежесін, субсидиялар алу кезектілігін әрі қанағаттандырылмаған өтінімдердің күту парағын бағалау болмақ», - деді

Е. Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, жаңа жүйенің «Қолдау» жүйесінен айырмашылығы - ол фермерлер үшін тегін болады және барлық негізгі мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланады.

«Жүйенің барлық іс-қимылдары автоматтандырылады, бұл субсидияларды бөлу және беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта біз оны Ақмола облысында пилоттық режимде тестілеудеміз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл наурыз айында ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша түпкілікті өзгерістер топтамасы Үкіметтің қарауына енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар