Автоматтандырылған дактилоскопиялық жүйені іске қосу бір жылға шегеріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасындағы нормалар көптеген саладағы мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айқанда, өңірлердің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру үшін салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру көзделіп отыр. Түзетулер мемлекеттік сатып алудағы бәсекелестік ортаны кеңейтуге және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға жағдай жасайды. Заң жобасы монополия операторларын реттеу механизмін қайта қарауды және мемлекеттік-жекешелік серіктестікті іске асыру тәсілдерін жетілдіруді де қамтиды.

Жалпы, сенаторлар заң жобасын қолдады. Алайда, құжатты қарау барысында депутаттар оған бірқатар өзгертулер енгізуді ұсынды:

1. Бюджет кодексінің 41-бабының 4-1-тармағына сәйкес мемлекеттік тапсырмаларға жатқызылуы мүмкін тапсырыстардың тізбесі айқындалды және олар түпкілікті болуға және кеңейтіліп түсіндіруге жатпауға тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік тапсырманы нақтылайтын өзгерістер енгізілді.

2. Автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйені іске қосу жөніндегі іс-шаралардың жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты, оны толық көлемде іске қосу мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру ұсынылды.

3. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Президент Жолдауы аясында Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және еліміздің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастыруды жүргізу міндеті қойылды. Осыған байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде айналымға шығарылған және 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағына әкелінген басқару органдары оң жақта орналасқан автомобильдерге алдағы заңдастыру аясында тыйым салуды алып тастау бөлігінде «Жол қозғалысы туралы» ҚР заңына түзету ұсынылды.

4. Инвестицияларды ұлғайту және коммуналдық желілердің тозуын азайту үшін қажетті жұмыстарды жүргізу мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» Заңына бекітілген тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту үшін қосымша негізді көздейтін түзетулер ұсынылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген рулі оң жақта орналасқан автокөліктер бойынша бастапқы тіркеу мүмкіндігін беру ұсынылды. Бұл 20 мыңға жуық азаматымызға өз көліктерін заңдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ сенаторлар азаматтардың банктік, салықтық құпиясына қол жеткізу мәселелеріне қатысты уәкілетті органдарға негізсіз кең өкілеттіктер беретін жекелеген ережелерді алып тастады. Осы заң қабылданғаннан кейін халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі мәліметіне қарағанда, заң жобасында «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу қағидаларын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісудің міндеттілігі көрсетілген.

Сонымен қатар Қордың холдингішілік кооперациясы аясында сатып алу тәсілін алып тастау нормасы көзделген.


Фото: europa.eu

Соңғы жаңалықтар