Автокөліктердің қысқы дөңгелектері жолдардың бұзылуына әсер етпейді - ҚазАвтоЖол

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бұдырлы шегесі бар қысқы дөңгелектер жолдардың бұзылуына әсер етіп отырған жоқ. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында тілшілер ҚазАвтоЖол басшысынан бұдырлы шегесі бар қысқы дөңгелектер жолдардың бұзылуына қаншалықты әсер ететіні туралы сұрақ қойды.

Бұл тұрғыда М. Қасымбаев аталған қысқы дөңгелектердің жол сапасына әсер етеді деген тұжырым шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Бұл дөңгелектер әлемдік стандарттар бойынша жасалады және жолдың сапасына қатысы жоқ. Осы орайда, тиісті ғылыми зерттеулер болған, солтүстіктегі елдерде пайдаланып жатыр», - деді компания басшысы.

Бұл ретте ол осыған дейін елімізде бұдырлы шегесі бар қысқы дөңгелектер жолдардың бұзылуына айтарлықтай әсер етеді деген қисынсыз мәселе көтерілгенін айтты. Сондықтан мұндай дөңгелектерді пайдалануға шектеу қою жоспарда жоқ.

«Елімізде жолдарды жүкті шамадан тыс артық тиеп алған жүк көліктері бұзып жатыр. Бұл көліктерге рұқсат етілген норма бар, алайда көлік жүргізушілері бұл талапты орындамай жатыр», - деді Мейірхат Қасымбаев.


Соңғы жаңалықтар