Автокөлік сатудағы шарттардың жартысы онлайн рәсімделген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің бір бөлігін жеке платформаларға ауыстыру мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Электронды үкімет дегеніміз тек портал ғана емес. Оның ауқымында көптеген ақпарат жүйелері қамтылған. Біздің міндет – интеграция жүргізілген бұл жүйелердің жұмысына қолдау жасау. Сондықтан электронды үкімет порталы соның тек бір ғана элементі», - деді Б. Мусин Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда ол министрлік ел халқына қызметтердің ақысыз жүргізілуін қадағалап отырғанын атап өтті.

«Электронды үкіметтің негізгі бөлігінің жұмысын қамтамасыз етуге назар аударып отырмыз. Сонымен қатар, басқа кәсіпорындар мен кәсіпкерлерге жеке платформаларда қызмет ұсынуға мүмкіндік береміз. Бұл тұрғыда осы мемлекеттік қызметтер жеке платформаларда ақысыз ұсынылуын талап етеміз. Сондықтан мемлекеттік қызметтер тегін және әр сала бойынша ұсынылғанын қамтамасыз етеміз», - деді министр.

«Бұрындары автомобильді сату немесе сатып алудың тек 5 пайызы eGov-та рәсімделсе, қазіргі кезде 50 пайызы онлайн жүргізіледі. Осы орайда қызмет көрсетуді жақсарту тұрғысында биыл тиісті жоспарланған жұмыстарды атқарамыз. Алдағы уақытта осының нәтижесін көресіздер», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, электронды үкімет порталының дизайны өзгереді.



Соңғы жаңалықтар