Автокөлік, пәтер кілттері және сыйақы: Алтай Көлгінов полицейлерді құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан полициясы күніне орай елорда әкімі Алтай Көлгінов қалалық Полиция департаментіне жаңа қызметтік көліктердің кілтін табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ведомство паркі елімізде құрастырылған «Hyundai Elantra» және «Hyundai Tucson» маркалы 30 автокөлікпен толықты. Жыл соңына дейін тағы 11 автокөлік тапсырылады. Мәселен, өткен жылы ғана елордалық полиция автопаркі 65 жаңа машинамен толыққан болатын. Қызметтік автокөліктер патрульдік полиция полкіне, мамандандырылған батальонға және учаскелік полиция инспекторларына берілді.

«Құрметті полиция қызметкерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге қала тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін, көшелердегі тәртіпті қамтамасыз етумен байланысты үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бүгінге дейін мыңдаған адамның өмірін қауіптен арашалап қалдыңыздар!

Пандемия кезінде де алдыңғы шепте еңбек еттіңіздер: күзет бекеттерінде кезекшілікте болып, қаланың үздіксіз жұмысын қамтамасыз еттіңіздер. Мониторингілік топтардың құрамында болып, санитарлық талаптардың бұзылуының алдын алып, коронавирустың таралмауына баға жетпес үлес қосып келесіздер.

Ел басшылығының тапсырмасы бойынша сіздерге қолайлы жағдайлар жасау үшін жұмыс істейміз», - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін адал атқарған және ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне қала басшысы алғысхаттар табыс етті. Олардың арасында учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полицейлер, тергеушілер мен анықтаушылар бар.


Соңғы жаңалықтар