Автобустар апаты: Жансақтау бөлімінде үш адам жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың 2-ші көпбейінді ауруxанасының бас дәрігері Иван Ли кешегі жол-көлік апатында зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас дәрігердің айтуынша, ауруxанаға жеткізілген бір әйел арқасынан қатты жарақат алды. Оны нейроxирургия орталығына ауыстыруға шешім қабылданды. Қалған адамдарға бірден көмек көрсетілді.

«Жалпы, кеше бес ота жасалды. Бүгінде үш адамның жағдайы ауыр. Бірақ көбісі есін жиды. Жағдайлары тұрақты. Сондықтан олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ деп айта аламыз. Осылайша, травмотология бөлімшесінде 8 адам ем-дом алуда. Таракалды xирургияда екі адам, ал жансақтау бөлімінде үш адам жатыр», - деді И.Ли арнайы баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, кеше ең бірінші пациент таңғы сағат 9:40-та жеткізілді. Ал 10:30-ға дейін жедел жәрдем 24 адамды әкелді.

«Жалпы, кешегі жол-апатынан кейін біздің көмегімізге 29 адам жүгінді. Олардың басым бөлігі жедел жәрдеммен жеткізілді. 14 адам тиісті көмектен кейін үйіне жіберілді. Өзгелері стационарда қалды», - деп атап көрсетті И.Ли.

Айта кетейік, кеше елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын жүрдек автобус қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған автобусқа соғылды. 301-ші бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Соққы алған автобус жедел медициналық жәрдем көлігі мен алда тұрған тағы бір автобусқа соғылды.

Аталған жол-көлік апатында зардап шеккендердің саны 36 адамға жетті.

Astana LRT басшысы Бекмырза Игенбердиновтың айтуынша, елордадағы жол апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді.

Соңғы жаңалықтар