Автобустағы жолақы құны бір жылда 8,1 пайызға қымбаттаған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда автобуспен жолақы құны бір айда 3,2%-ға, бір жылда - 8,1%-ға қымбаттады, деп хабарлайды energyprom.kz.

Шілде айының қорытындысына сәйкес, республика бойынша қалаішілік автобус жолақысы маусым айымен салыстырғанда 3,2%-ға, өткен жылмен салыстырғанда - 8,1%-ға көтерілген.

Бар болғаны бір ай ішінде Жезқазғанда (60 теңгеге дейін бір жарым есеге), Таразда - 65 теңгеге дейін 18,2%-ға жолақы құны қымбаттады. Жылдық есеп бойынша, ҚР ірі қалалары ішінде Қостанайда (+33,3%, 80 тг дейін), Петропавлда (+23,1%, 80 тг дейін), Өскеменде (+20%, 90 тг дейін) және Павлодарда (+16,7%, 70 тг дейін) жол жүру құнының өсуі байқалған.

Одан бөлек, 1 тамыздан бастап оңтүстік астанада жолақы төлеудің жаңа сараланған жүйесі енгізілді. Бұған дейін Алматыдағы жолақы құны 5 жыл бұрын көтерілген еді, 2012 жылдың шілде айында жолақы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін қымбаттаған.

Енді Алматының қоғамдық көліктеріндегі жол жүру ақысы (автобустар мен троллейбустарда ғана емес) төлем түріне байланысты болмақ: ақшалай төлесе - 150 теңге, «Оңай» бірыңғай көлік картасымен, банк картасымен немесе SMS құралымен - бұрынғыша 80 теңге төленеді. Бұл жүйе ақшаның көлеңкелі айналымының алдын алып, қазынаға түсетін салық көлемін арттыру мақсатында енгізілген. Барлық жеңілдіктер өзгеріссіз қалды, тек көпбалалы аналар, зейнеткерлер, мектеп оқушылары және студенттер «Оңай» жеңілдік картасымен 40 теңге төлейді. ҰОС ардагерлері, 75 жастан асқан зейнеткерлер, І және ІІ топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар қоғамдық көліктерінде тегін жүреді.

Алматы қалалық Жолаушылар тасымалы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исаховтың айтуынша, сараланған тариф енгізілген алғашқы күні-ақ қоғамдық көлікті пайдаланған жолаушылардың саны 28 пайызға өскен, ал «Оңай» карталары бойынша транзакциялар саны 48 пайызға көбейген.

Автобустар елдегі барлық қалалық жолаушылар тасымалының 81,9%-ын қамтамасыз еткен: алғашқы жартыжылдықта автобустар 8,86 млрд жолаушыны тасымалдаған, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,2%-ға көбірек. Танымалдылығы жағынан екінші орынға жайғасқан көлік түрі - такси (жолаушылардың 17,7%-ы), алайда такси тасымалдаған жолаушылар көлемі бір жылда 0,6%-ға азайған.   Экологиялық троллейбустар (бір жылда +14%) және метро (+7,6%) жолаушыларының көлемі де артып келеді.  Алайда, көліктің бұл түрлері жалпы тасымалдың 0,2% ғана құрайды.

Автобустық тасымалдардан түскен кәсіпорындардың табыстары бір жылда 3,3%-ға, 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша 43,2 млрд теңгеге дейін өскен. Бұл ҚР қалалық көлік тасымалдарынан түскен жалпы табыстың 92,2%-ын құрайды. Салыстырып қарар болсақ, такси табыстары өткен жылмен салыстырғанда 31,6%-ға азайған.

Соңғы жаңалықтар