Автобус жүргізушісі кепілмен босатуға мүмкіндік беретін құжатты Ақтөбеге жеткізе алмады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өртенген автобус жүргізушісі Нұржан Қырғызбаев тергеу жұмыстары аяқталғанша абақтыда отырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында өртенген автобус жүргізушісі Нұржан Қырғызбаевты 2 ай қамауға алу туралы санкция берілді. Алғашында қорғаушы кепілмен босату туралы ұсынысын айтты. Бірақ кепілге қоятын мүліктің құжаттары Ақтөбеге жеткізілмеген.

«Қазіргі кезде қылмыстық қудалау органдары іс бойынша басты дәлелдемелерді жинақтады. Қырғызбаев сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына қатысты, өз әрекеттерін толық баяндады. Ісіне жауапсыздықпен қарағанын түсініп, өкініш білдіреді. Тергеу жұмыстарына көмегін беруге әзір. Сондықтан Қырғызбаевты кепілмен босатуды сұраймыз. Бірақ оның тұрғылықты жері шалғай, кепілге қоятын құжат қолымызда жоқ. Қысқа мерзімде құжатты жеткіземіз», - деді Нұржан Қырғызбаевтың қорғаушысы Аман Юсупов.

Бір сағат кеңесу бөлмесінде болған судья Әлима Адилова тергеу аяқталғанша күдіктіні изоляторға қамауға алу туралы шешім шығарды.

«Нұржан Қырғызбаев 1968 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Бұрын сотталмаған. 18 қаңтар күні Шымкент-Самара тасжолының 1068 шақырымында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қалыбай ауылы маңында жолаушылар автобусы жанып кетті. Тергеу барысында автобустың жануына жүргізушілердің автокөлік құралдарын пайдалану қағидаларын сақтамағаны, яғни, автобус ішінде отты лампа пайдаланып, өрт қауіпсіздігі ережесін бұзғаны анықталды. Нәтижесінде Өзбекстанның 52 адамы қаза болды. Жедел тергеу тобы күдікті ретінде танылған Н. Қырғызбаевты күзетпен ұстау туралы бұлтарпау шарасын санкциялауды ұсынды. Өтініш хат қанағаттанырылып, 24 наурызға дейін күзетпеу ұстау туралы бұлтартпау шарасы санкциялансын»,- деді судья А.Адилова.

Айта кетейік, күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасын санкциялау кезінде күдіктінің Ақтөбе қаласында тұратын тұрақты мекенжайы жоқ, қылмыс орташа ауыр санатына жататыны ескерілді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта №2 Ақтөбе қалалық сотында жүргізуші Мақсат Пернебеков, Барат Таңатовты  екі ай мерзімге қамауға алу санкциясы қаралып жатыр. 

null 

Соңғы жаңалықтар