Автобус жолақысын төлемейтін астаналықтар жылына 3-4 млрд теңге шығын әкеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада қоғамдық көлік ақысын төлемейтін жолаушылардан келетін шығын жылына 3-4 млрд теңгені құрайды. Аталған мәселені Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, мәслихат депутаты Владислав Сергеев көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолаушылардың қоғамдық көлік ақысын төлемеуінің салдары 30 пайыздан астам шығынға батырып отыр. Бұл дегеніміз - жылына 3-4 млрд теңге деген сөз. Біз қоғамдық көлікті субсидиялауға қосымша қаржы таба алмай жатырмыз. Мына жақта миллиардтап шығын келіп жатыр. Бұған себеп - жүйенің әлсіздігі. Қоғамдық көлікте электрондық төлем жасау жүйесі ашық болуы тиіс. Бүкіл процесс көрініп тұруы тиіс», - деді Владислав Сергеев қалалық мәслихаттың отырысында.

Осы орайда комиссия төрағасы қоғамдық көлік ақысын төлеу жүйесі мәселесін бөлек қарауды ұсынып отыр.

«Қоғамдық талқылау өткізу керек және мәселені шешуде жұртшылықты барынша тарту қажет. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін онлайн дауыс беру арқылы таңдау жасау мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл - жылдан жылға шешілмей келе жатқан проблема», - дейді ол.

Бұған дейін мәслихат отырысында қалалық бюджет қаражатын игермеген 15 лауазымды тұлға жауапқа тартылғаны айтылды.

Одан бөлек, елордада бюджет қызметкерлерінің жалақасына қосымша 30%-дан 100%-ға дейін үстемақы берілетіні белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар