Автобус өртіне кім кінәлі екенін тек сот шешеді - сотталушы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде автобус өртіне қатысты сот отырысында сотталушы Мақсат Пернебеков ұйықтап жатқанын, есін ауруханада жиғанын айтып берді. Жүргізуші өзін кінәлі санамайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында автобус өртіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін сотталушы Мақсат Пернебеков Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық сотында отырған жәбірленушілердің сұрағына жауап берді. Ол автобуста өрт шыққан кезде ұйықтап жатқанын, есін ауруханада жиғанын айтып берді.

«Автобус тоқтаған кезде ескі доңғалақты шығарып, 40-50 метр жерге апарып қойдым. Тоңған адам болса жағып, жылынуға болатынын ескерттім. Өзім автобусқа кіріп, ұйықтап қалдым. Нұржан Қырғызбаевтың бензин үшін ақша сұрағанын білемін. Оған ақша беріп, әрі қарай ұйықтай бердім. «Паяльникті» кім жаққанын, оны салонға кім әкелгенін білмеймін. Өзім «өрт» деген дауысты естіп, қашып шықтым. Күйік болды, есімді білмедім. Көзімді ашқанда облыстық ауруханада жаттым. Жанымдағы адамдардан қалай болғанын сұрағанымда, өзбекстандық Ахрор Исақовтың бензин толы құтыны теуіп, жанып кеткенін білдім. Басқа ештеңе айта алмаймын»,- деді сотталушы Мақсат Пернебеков.

Сотталушының айтуынша, автобус ішінде 3 өрт сөндіру құралы және терезелерді сындыруға арналған 4 балға болған. Бірақ іс жүзінде олардың ешқайсысы да пайдаланылмады.

«Мен 9 жылдан бері жүргізуші болып жұмыс істеймін. Жанар-жағармай қатып, жолда тұрып қалған кезіміз болған емес. Мен автобусты жалға алып жұмыс істемеймін, қарапайым жүргізушімін. Автобус та жаңа болатын. Кім кінәлі екенін білмеймін, бәрін сот шешеді. Бірақ мен жолаушылардың барлығына жауапты болдым»,- деді сотталушы М.Пернебеков.

Еске салсақ, бұған дейін сотталушы Барат Таңатов сот отырысы кезінде автобустың терезесін сындырып, «секіріңдер» деп айқайлағанмен ешкім сыртқа шықпағанын айтып берді. Ол да «паяльникті» кім жаққанын білмейді.

 

Соңғы жаңалықтар