Автобус өрті: Жәбірленушілер өзбекстандық екі куәгердің сотқа қатысуын сұрады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде автобус өртіне қатысты сот отырысы өртіп жатыр. Өзбекстандықтар тірі қалған екі куәгердің сотқа қатысуын сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында автобус өртіне қатысты іс қаралып жатыр. Жәбірленуші Әбдірашид Исаметдинов баласы мен жиені үшін сотқа қатысып, жауап берді. Ол баласын куәгер Ахром Исақов жұмысқа орналастырамын деп алып кеткенін, ол қызметі үшін әрқайсысынан 100 доллар алатынын жеткізді.

«Мен куәгер Ахром Исақовпен үш рет кездесіп, оқиғаны сұрадым. Ол сол күні ұйықтап, түс көргенін, көзін ашқанда шалбарының балағы жанып жатқанын көрген. Олардың уланбағанын, жанып кеткенін айтты. «Құтқаруға бармадың ба» деп сұрағанда жүргізушілер ұстап қалғанын жеткізді. Қазір сотқа ол қатыспай отыр. Мен оқиғаның анық-қанығын білу үшін екі өзбекстандық куәгер мен қашып жүрген автобус иесінің сотқа қатысуын талап етемін»,- деді Абдрашид Исаметдинов.

Өз сөзінде жәбірленуші баласының байланыс нөмірі әлі қосулы тұрғанын, хабарламалар жететінін сұрап, әлі де көңілінде көп күдік бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде жәбірленуші тарап нақты моральдық-материалдық талап қоймайтынын, бұл сұрақты жиі қоймауын сұрады. Ал жәбірленуші Б.Таджахметов автобустың бұзылып, жолға жоспарланған уақыттан бір күнге кеш шыққанын баласынан білген.

«Жүргізушілер айыпты болуы мүмкін. Олар дер кезінде көмекке шақырмады. Ырғыз ауылына баруға, жаяу жүруге кеңес бермеген. Ауылға барғанда бәрі аман қалар еді»,- деді Б.Таджахметов.

Қазіргі кезде жәбірленушілердің барлығы аман қалған екі өзбекстандықтың сотқа қатысып, жауап беруін сұрап отыр.

«Ақтөбеге келген 11 адам сотқа қатыспас бұрын Ырғыз ауданындағы оқиға болған жерге аялдады. Ол жерде жартылай жатқан күртеше табылды. Бәрін суретке түсіріп алдым. Біз әлі сенбей отырмыз»,- деді 20 жаста қаза болған өзбекстандықтың әкесі Б. Хакимов.

null 

Соңғы жаңалықтар