Автобус өрті: Судья жазаны жеңілдететін мән-жайларды атап берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде автобус өртіне қатысты қылмыстық іске байланысты үкімі шықты. Судья жазаны жеңілдететін мән-жайларды атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ырғыз аудандық соты бүгін сотталушылар Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов, Бахадүр Пердебаев, Нұрлыбек Тілепбаевқа қатысты қылмыстық істі қарады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатовты Қылмыстық кодекстің 292, 345-баптарым бойынша айыпты деп танып, 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Ал Нұрлыбек Тілепбаев пен Бахадүр Пердебаев 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынды. Бәрі де жазасын қоныс колониясында өтейді.
Судья Серік Махамбетов жазаны жеңілдететін мән-жайларды атап өтті.

«Сот сотталушылар Н.Тілепбаев, Б.Пердебаев, Н.Қырғызбаев, М.Пернебеков және Б.Таңатовқа жаза тағайындау кезінде олардың бұрын сотталмағанын, асырауында кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Сотта қылмыстық жауапкершілікті, жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Дегенмен қылмыстың қоғамға қауіптілігін, сипатын және салдарын,  52 адамның қайтыс болғанын және жәбірленушілердің толық кешірмеуін ескеріп, сот ҚР Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігін басшылыққа алды және бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - деді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Айта кетейік, сотталушылар бірігіп, 43 жәбірленушінің әрқайсысына 2 миллион теңге моральдық шығын төлеуі тиіс. Яғни, қылмыстық іс бойынша жауап берген әрбір сотталушы 17,2 миллион теңге азаматтық талап-арызды бір айда қанағаттандыруы қажет. Жәбірленушілердің кейбірі моральдық шығыннан бас тартты. Олар сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Сотталушыдар да шешіммен келіспей, қайта шағым түсіретінін айтты.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, биыл 18 қаңтар күні Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» автожолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртеніп, 52 адам ажал құшқан болатын.

Соңғы жаңалықтар