Автобус апатынан жыл сайын 50 адам көз жұмады - ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мақсат Байболов жолаушылар тасымалындағы қауіпсіздік мәселелері жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мәселесі ІІМ-нің ерекше бақылауында.

«Қазақстанда жыл сайын автобус жүргізушілерінің кінәсінен 500-ге жуық жол-көлік оқиғасы болады. Салдарынан 50-ге жуық адам мерт болып, 700-ден астам адам жарақаттанады. Биыл мұндай апат көрсеткіштері едәуір азайды. Дегенмен, жолаушылар көлігінің апатқа ұшырауы әрдайым резонансқа ие», - деді Мақсат Байболов.

Бұл апаттардың себебі көлік жүргізушілерінің төмен жауапкершілігімен, апаттың алдын алу жұмыстарының болмауымен байланысты. Жолаушылар көлігін жолға шығаруға жауапты лауазымды тұлғалар бақылауды күшейтуі қажет.

«2018 жылы полиция мен көліктік бақылау инспекциясы бірігіп, жолаушылар көлігінің жүргізушілері жол берген 37 мың заңбұзушылықты анықтады, ал биыл 7 мың заңбұзушылық анықталды. Мұндай рейдтерді жүргізе беру жолаушылар тасымалын қауіпсіз ете алмайды. Бұл салада заңнамалық сипаттағы жүйелі шараларды қабылдау қажет», - деді Мақсат Байболов.

Сонымен бірге, ІІМ өкілі көптеген адамдардың жолаушыларды заңсыз тасымалдайтынын атап өтті. Олардың көліктері ескі және жағдайы мәз емес.

«Заңсыз тасымалдайтын автобустардың көпшілігінде техникалық ақаулар бар, олардың конструкциясын өзгерткен, тіпті қолдан жасаған. Көлік жүргізушілері медициналық тексеруден өтпейді, еңбек және демалыс режимін сақтамайды. Осындай кемшіліктерді жыл сайын анықтаймыз. Салдарынан жол апаты болып, жолаушылар зардап шегеді», - деді ол.

Комитет өкілі жолаушыларды автобуспен тасмалдау қауіпсіздігін арттыру үшін жол картасы жобасы әзірленетінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар