Автобус ақысын төлеуден қашатын астаналықтардың үлесі қанша

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қоғамдық көлік ақысын төлемей жүретін жолаушылардың үлесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енгізіліп жатқан жаңа жүйе арқылы жолаушы бір сәтте жолақысын төлей алса, екінші жағынан қоғамдық көлік картасына бірлік жіберу мүмкіндігі бар. Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін арнайы қоғамдық көлік картасы арқылы төлеу жүйесі болды. Оған бірлік салу ұзаққа созылатын, яғни жолаушы ақша салады, бірақ ол картаға бірден түспейді. Бұл жүйе жолаушылар үшін ыңғайсыз болды. Осы және өзге де мәселелерді ескере отырып қоғамдық көлікте жолақысын төлеудің жаңа жүйесін енгізіп жатырмыз», - деді CTS (City Transportation Systems) ЖШС-нің басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жаңадан енгізілетін автобус ақысын төлеу жүйесінің отандық өнім болуы маңызды.

Сондай-ақ, аталған мекеме басшысы жолақысын төлемейтін жолаушылардың үлесін айтып өтті.

«Жолақысын төлемей жүретіндердің үлесі 10 -15 пайызды құрайды», - дейді ол.

CTS ұсынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде елорданың қоғамдық көліктегі жолаушылардың орташа ағыны 600 мыңнан астам адамды құрайды.

Және жолаушылар төлемақыны 2 жолмен өтей алады. Бірінші арнайы көлік картасы арқылы, екінші, смартфонның көмегімен QR-кодты сканерлеу арқылы төлеуге болады.

Одан басқа, Transcard, Kaspi.kz, Homebank және ұялы байланыс операторларының қосымшалары арқылы да қоғамдық көлік ақысын жасау мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, бүгінде елордада қоғамдық көлік құны 90 теңге тұрады және баға соңғы 7 жыл бойы өзгерген жоқ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлік ақысын төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі.


Соңғы жаңалықтар