Австрия канцлері Себастьян Курц қызметінен кетті

None
None
ВЕНА. ҚазАқпарат - Австрияның федералды канцлері Себастьян Курц 9 қазан күні кешкісін отставкаға кететінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle ресурсына сілтеме жасап.

Ол мұндай шешімді елде аласапыран болмас үшін және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қабылдағанын айтты.

Себастьян Курц үкімет басшысы қызметіне қазіргі Еуропа және шетел істері жөніндегі министр Александер Шалленбергті ұсынды.

Дегенмен, ол Австрия консервативті халық партиясының көшбасшысы болып қала береді және оның парламенттегі фракциясын басқарады.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын парламенттегі оппозициялық партиялар - Австрия социал-демократия партиясы, либералды «Жаңа Австрия» және Австрия бостандық партиялары Себастьян Курцтың қызметтен кетуін талап еткен болатын.

Жалпы, жуырда Австрия прокуратурасы канцлерге және тағы 9 адамға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді. Олар артылған сенімді асыра пайдаланды және коррупция жасады деген күдікке ілінген.

Тергеу ақпаратына сенсек, елдің қаржы министрлігі 2016-2018 жылдар аралығында бюджет ақшасын газет хабарландыруларын қаржыландыруға жұмсаған. Оның орнына Себастьян Курцтың партиясының артықшылығын көрсететін қоғамдық пікір сауалнамасын жариялаған.

Бұл - Курцтың билікке келуіне, кейіннен канцлер лауазымына қол жеткізуіне арналған жоспардың бір бөлігі болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар