Авиатехника көмектесе алмайды - ТЖК бастығы Алматы маңындағы өртенген қоқыс жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Алматы маңындағы қоқыс полигонындағы өрттің ықтимал себептерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоқыс полигонына өрт сөндіруші әуе техникасын жұмылдырудың ешқандай пайдасы жоқ. Авиатехника бұл жерде көмектесе алмайды. Тұрмыстық қатты заттар полигонының ішінде әртүрлі қоқыс түрлері бар. Құрылыс материалдары да, тамақ қалдықтары да көп. Сол себепті, ол жерде туындаған өртті сумен ғана сөндіру әрекеті жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Ең дұрыс амал - сол қоқыстың жанып жатқан бөлігін сыртқа шығарып, сөндіру. Болмаса, ол жерді топырақпен көміп, инженерлік техникамен нығыздап баттап тастаған абзал. Өртті солай сөндіруге болады», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер ТЖК-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өрттің нақты қайдан шыққаны белгісіз.

«Себеп әртүрлі болуы мүмкін. Полигонда жұмыс істейтіндер немесе үй-жайы жоқ адамдар абайсыздық танытуы мүмкін. Өздеріңіз білетіндей, үй-жайы жоқ адамдар ондай жерде жиі жүреді. Степногор қаласында қайталанған жағдай секілді ол жерге тұтанған қоқыс әкелініп, төгілуі ықтимал. Десе де, қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталған жоқ. Бастысы, тілсіз жауды өршітпей тезірек өшірсек деп отырмыз», - дейді Владимир Беккер.

Еске сала кетсек, бүгін Алматы тұрғындары таңнан бері қала аспанын ыс пен түтін торлағанын айтып, шағымданған еді. Әлеуметтік желі қолданушыларының болжауынша, түтін Алматы облысындағы қоқыс полигонынан келген. Төтенше жағдайлар комитеті бұл ақпаратты растады.

«16 мамыр күнгі түнгі сағат 2:30-да өртке қарсы қызметке Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылынан 7 шақырым жерде қоқыс полигоны жанып жатқаны туралы хабар түскен. Қатты тұрмыс қалдықтардан тұтанған өрттің аумағы бір гектарды қамтыды деген болжам бар. Құрбан болған немесе зардап шеккендер жоқ» - делінген комитеттің мәліметінде.

Десе де, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті қоқыс полигонындағы өрт салдарынан шаһардың ауасы шектен тыс ластанғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар