Ауызсусыз, жылусыз қалған БҚО ауылында төтенше жағдай жарияланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданының Теректі ауылдық округінде техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл туралы елді мекен әкімдігінің «Ашық» НҚА порталына орналастырған шешім-жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«30 қаңтарда Қабыл төбе ауылындағы құдықтардан су айдау тоқтатылды. Себебі, Теректі ауылына ауыз су беретін 5 су сорғыштың біреуі істен шықты. Қалған су сорғыштар қажетті қысымды бере алмайтындықтан, қазіргі уақытта 1 859 тұрғын үй, 51 әлеуметтік нысан орталықтандырған ауыз сусыз отыр. Себебі қалған 4 су сорғыштың тозуы 43 пайызды құрайды.

Онымен қоса, мемлекеттік бағдарламамен салынған 27 тұрғын үй (26-сы – бір пәтерлі жеке үй, біреуі – 36 пәтерлі үш қабатты үй) жылусыз қалды.

Себебі бұл үйлерде жылыту жүйесі орталықтандырылған су жүйесімен біріктірілген. Су қысымы төмендеген кезде газ қазандығы жылыту жүйесінің жұмысын автоматты түрде тоқтатқан (төтенше жағдайдың алдына лу үшін). Бұл үйлердің суып кетуіне алып келді. Қазіргі уақытта аталған үй тұрғындары өзге жерлерге көшіп жатыр», - делінген құжатта.

Шешімге қосымша берілген түсіндірмеде жазылғандай, аталған жағдайды реттеу үшін елді мекенде техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізілмек. Құжатта Теректі ауылының әкімі А.Әубәкіров жөндеу жұмыстары мен жаңа сорғыларды сатып алу үшін аудан әкімдігінен қосымша қаражат бөлу қажеттігін көрсеткен.

Шешім-жобасы порталға 8 ақпанда орналастырылып, 9 ақпанға дейін талқылауда болды және алғаш жарияланған күнінен бастап күшіне енді.


Соңғы жаңалықтар