Ауыз су сапасын бақылайтын интерактивті картаға қандай өзгерістер енді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ауыз су сапасын бақылайтын интерактивті картадағы өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізу үшін Интерактивті карта әзірледік. Картада әр ауыл бойынша қажетті ақпарат бар. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, қаржыландыру, қаражатқа сұраныс, халық саны, желілердің ұзындығы, тозу және тағы басқа қажетті мәліметтер бар. Карта интернетте ашық орналасқан. Яғни кез келген азамат ол картадан өзін қызықтыратын ауылды көре алады», - деді Бейбіт Атамқұлов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің айтуынша, Интерактивті карта жаңартылып жатыр. Онда халықпен кері байланыс орнату үшін су беру тұрақтылығы және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы ақпарат қосу шаралары қабылданып жатыр.

«Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету тұрақты бақылауда екенін ескере отырып, Әкімдіктер интерактивті картаға деректердің сапалы және уақтылы толтырылуын қамтамасыз етуі қажет», - деді Б. Атамқұлов.

Бұған дейін Б. Атамқұлов сумен қамтамасыз ету деңгейін артыру үшін көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінетінін айтты.

Қазіргі уақытта сумен жабдықталмаған 1 922 ауылдың мәселесін шешу үшін бірқатар шара көзделген.

Сондай-ақ, 50 ауылда су құбыры желісін кеңейту үшін бюджеттен 40 млрд теңге қажет.


Соңғы жаңалықтар