Ауыз су бағдарламасы «Бермуд үштағаны» сияқты, қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді - Д.Назарбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауыз су бағдарламасы "Бермуд үштағаны" сияқты, қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді. Бұл туралы бүгін Сенат депутаттарының орталық атқарушы және жергілікті өкілетті органдардың басшыларымен кездесу барысында Сенат спикері Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Жергілікті билік - мемлекеттік басқарудың шешуші деңгейі. Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдары халыққа жақын және олардың шынайы тұрмысы мен мұқтажын жақсы біледі деп сенеміз. Өңірлерде орын алған проблемаларды түсініп отыр. Біздің орталықта немесе жергілікті жерде болсын мүддеміз бір. Мақсат - жергілікті деңгейдегі мемлекетттік және өзін-өзі басқару тиімділігін арттыру", - деді ол.

Дариға Назарбаеваның атап өтуінше, елімізде жүргізілген әкімшілік реформа жергілікті билікке едәуір өкілеттік берді. Атап айтқанда ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңызы бар қалаларда жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін қалыптастыру, коммуналдық меншікті өз алдына басқару, жер ресурстарын басқару саласын бақылау, лицензиялау, атестаттау, бақылау және басқа да қызмет түрлері берілді.

"Былай қарағанда бәрі қалыпты және ойдағыдай секілді. Ал іс жүзінде қалай? Бүгінгі пікір алмасу жергілікті басқару жұмысының мәні мен мазмұны туралы болуы тиіс. Республикалық, облыстық және жергілікті даму бағдарламаларын іске асыруды қағаз жүзінде емес нақты іс арқылы қалай бір жүйеге келтіруге болады? Әкімдермен қарым-қатынас тиімді болуы үшін не керек? Бақылау қызметін іске асыру жағынан қарастыру қажет. Мәслихат қызметін қажетті мазмұнмен толықтыруға және жергілікті өзін-өзі басқару жұмысын жетілдіруге не жетіспей жатыр? Осы мәселені кеңінен талқылайық. Егер құқық белгілеу құжаттарында заңнамалық актілерде бәрі дұрыс жазылған болса, неге адамдар жоғарыдан көмек сұрайды, әділдік пен қорғауды неге Астанадан іздейді?", - деді Сенат төрағасы.

Спикердің дерегінше, ауылдық округтердің 95 пайызы дотациялық және жоғарыда тұрған бюджеттерден алынатын трансферттермен қаржыландырылады.

"Бұл дегеніңіз жыл сайын 98 млрд теңгеге жуық қаржы. Ал нәтиже қандай? Ол адамдардың тұрмыс деңгейіне оң әсері етті ме? Жұмыс орны көбейді ме? Әлде сол қаржы құрдымға кетті ме? Неліктен кейбір жерлерде сұраныс болмаса да көпқабатты үйлер немесе сәулетті мектеп ғимараты салынып жатыр? Шынына келгенде сол өңірде үш ауысымда жұмыс жасап жатқан мектептер аз емес. Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тәуелсіздік алғалы 540 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бірақ, көптеген елді мекендерде халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы "Бермуд үштағаны" сияқты, қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді. неліктен? ", - деді Дариға Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар