Ауыт Мұқибекұлы: Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы әрі ең көп инвесторы - шетелден келген қандастар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі межесінде жеткен жетістіктің бірі - ұлттық демографиялық дүмпу. Ал ол дүмпу қалай болды? Елде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заман орнап, жұрт мамыражай тіршілік кешкенде халық саны да көбейеді. Әлеуметтің әлеуеті артқанда, тұрмысы тыныш, жағдайы жайлы болғанда, салауатты ұрпақтың қамы жасалғанда бала туу да артады. Дегенмен, Қазақстанның жағдайындағы және бір маңызды ерекшелік - елге ел қосу. Қайсыбір қасаң жылдары Атамекенінен үдере көшкен, солақай саясаттың зардабынан сыртта қалған қазақтарды Отанына оралту саясаты да осы Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асты. Мұндағы Елбасының ерен ерлігін де тарих еш ұмытпасы анық. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі еліміздің көші-қон саясатына белсенді араласып, заңдағы кедергілердің реттелуіне өзіндік үн қосып жүрген белгілі ақын Ауыт Мұқибекұлымен ҰЛЫ КӨШ жайында әңгіме өрбіткен еді.

- Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, Елбасы алыстағы ағайынды елге шақырып, ұлы көштің бағытын Қазақстанға бұрды. Осы көштің маңызы туралы айтып берсеңіз?   

-Бұл жерде көштің маңызын айтпас бұрын, ең алдымен Көші-қон саясатын жолға қойған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігіне тоқталған жөн. Үш жүз жылға таяу уақыт бодандық қамытын киген, оның соңғы 70 жылында ұлттық бітім-болмысымыздан айырылудың ең соңғы қызыл сызығына жеткен, екі бүйірінен екі алып империя аузын арандай ашып қысып тұрған, өз ата-бабасынан қалған жерінде отырып өзі азшылыққа айналған ұлтпен мемлекет құру мүмкін бе еді?! Мүмкін екен! Міне, Қазақстан соның бұлтартпас дәлелі. Құдайға тәубе, қазір 21 ғасырдағы толыққанды бір мемлекетте болуға тиістінің бәрі Қазақстанда бар. Оған Нұрсұлтан Әбішұлының көшбасшылығында қол жеткіздік.

- Мемлекет болып қалыптасуға қажетті құндылықтарға қалай жеттік деп ойлайсыз?  

- Ең алдымен мемлекет құруға аса қажетті құндылыққа бірден баса назар аударғандықтан дер едім. Ол - осы елдегі мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы! 40 пайызға жетер-жетпес үлеспен басталған қазақтың саны, міне, 70 пайыздан асып келеді. Мүмкін, одан да көбірек шығар. Бүгінде Елімізде тіл, дін, діл жағынан зор сапалық өзгеріс болғанын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Қоржынның ауыр басы осы шеттен ағылған көштің үлесіне тиесілі. Сөйтіп, отаршылардың уысынан қазақ сәтімен шығып кетті. Құдай ондай күнді аулақ қылсын! Мәңгілік Елдің алғашқы іргетасы, білген жанға, шеттен келген Қазақ көшімен қаланды. Бір нәрсе есіңізде болсын, Нұрсұлтан Әбішұлы тәуекел етіп бастаған, жүректілікпен жолға қойған ауқымды шараның бәрінің тарихи және стратегиялық маңызы зор. Біз соны өз кезегінде жете түсінбей, шулап жатамыз. Соның біріншісі - көші-қон, екіншісі - Астана, үшіншісі - Еуразиялық экономикалық одақ, төртіншісі, бесіншісі... Санай берсек, көп! Бір сөзбен айтқанда, бізге қалдырған бабалар аманаты орындалды. Бұл түйінге, орайы келсе, алда тағы қайта оралып соғатын боламыз.   

- Биыл тәуелсіздігміздің 25 жылдығы. 25 жылда елімізге миллионға жуық қандасымыз келді деп жатырмыз. Бұл көш бізге не берді? Елбасы арманы орындалды ма?  

- Бергені көп болды. Берері тіпті де мол! Өзіңіз білесіз, көш өте қиын кезеңде басталды. Соған қарамастан, алыстағы ағайынның азаттық аңсаған зор толқыны Атажұртқа сол тоқсаныншы жылдары - тоқырау мезгілінде келді. Олар Қазақстан тіршілігінің бір демографиясы ғана емес, бар саласына кең тыныс, жаңа серпін берді. Ең алдымен Елге оралған қандастарымыздың Елбасымыз ерте жолға қойған нарықтық экономиканы қалыптастырудағы, дамытудағы еңбегін атап өткеніміз жөн. Экономика тілімен айтсақ, Қазақстанның ең алғашқы әрі ең көп инвесторы - шеттен келген қазақтар. Шетте жүріп тапқан-таянғанымызды Қазақстанға тасыдық. Мысалы, мен 1998 жылы қазан айында келдім. Әлі есімде, қалтамда Атажұртқа барам деп жинаған 16200 юаным болды. Екі жарым мың доллар көлеміндегі сома бұл. Қала шетінен жер, тіпті бірер бөлмелі пәтер де сатып алуға болар еді. Алматыда төрт ай жүрдім, сол ақшаны тақыр-таза тауысып қайттым ауылға. Бәрін қыдыруға жұмсадым. Негізінен кафелер мен таксишілерді қарық қылдым. Демек, өзбек ағайындардың сөзімен айтсақ, мұнда келген әр қазақтың «қойнында бір тоқашы» болды. Бұл жай, елеусіздеу, көзге көрінбейтін ғана жағы ғой. Ал, үлкейтіп айтайық. Мысалы, Көші-қон арқылы дамудың биік белесіне көтерілген алып Қытай мемлекеті мен жаңа құрылып жатқан Қазақ елінің арасында сенімді серіктестік орнады. Біздің базарларымызға Қытай тауарларын толтырған сол елден келген қазақтар. Көптеген шағын және орта кәсіпорындар құрылды. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жаңа астананың құрылысына керекті бір тал шегесіне дейін Қытайдан келген жоқ па?! Соның бәрін тасыған сол қандастарымыз. Мұндай тәжірибені біз өз көзімізбен көрдік қой. Соңғы отыз-қырық жылда Қытай елінің экономикасын көтерген, басқа емес, шетелдерде тұратын этникалық қытайлардың өздері. Қытай реформаторы Дың Шаупиң (Дэн Сяопин) олардың байырғы Ата қонысына қаржы қосып, кәсіпорын ашуына тиімді саясат қолданды, мол мүмкіндік берді. Дәл сондай болмағанмен, біздің қандастарымыз да өз еліміздің өркендеуіне өз әлінше үлесін қосты. Қысқасы, Көші-қон саясатын жолға қоюдан Қазақстан ұтпаса, ұтылған жоқ. Тәуелсіз Отанымызға оралсақ деген біздің де арманымыз орындалды, Елбасы үміті де ақталды.   

- Шетел үкіметтері қазақтардың байырғы Отандарына үдіре көшуіне қалай қарайды? Жолын тосып, жібермеуге тырыспай ма?  

- Көші-қон әлемдік саясат. Оның түбін қусаң, кісілік құқыққа, адам еркіндігіне барып тіреледі. Тарихи себептермен бөлініп-жарылған отбасылар, туысқандар бір-біріне қосылуға, бір мемлекетте өмір сүруге құқықты. Бұл БҰҰ-ның Заңымен бекітілген. Біздің мемлекеттің «Көші-қон туралы» Заңы да сол белгілемені негізге алып жасалған. Дегенмен, әр елдің ашық және жазылмаған жабық заңдары бар. Біз жаңа ғана Қазақ көшінің еліміз үшін болған тиімділігі жағын айттық қой. Көр де тұрыңыз, енді Қазақстан көші-қон саясаты этникалық қазақтар қоныстанған шет мемлекеттер үшін де пайдалы болмақ. Әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауына байланысты, Қазақстан экономикалық басымдықты ауыл шаруашылығына бұрып отыр. Мұнда да үлкен нарық пен серіктес тағы Қытай мемлекеті. Өзіңіз білесіз, қазақ жері шетелдіктерге жалға берілмейтін болды. Қазақтан өзге ұлттың Қазақстанда ұзақ уақыт тұруы, тұрақтап қалуы мүмкін емес шаруа. Ал, біздің ауылдық жерде мал, егін шаруашылығымен айналысатын еңбек күші өте тапшы. Сол үшін, қазақ даласының таза азық-түлік өнімінен дәмесі мол, мүдделі мемлекеттер өздеріндегі этникалық қазақтардың Қазақстанға көбірек көшіп баруына, отырақтасуына, шаруашылықпен емін-еркін айналысуына қайта жағдай жасауы, мүмкіндік тудыруы керек. Сөйтіп, өзінің тілін, менталитетін білетін серіктестерін көбейтіп алғандары дұрыс болар еді. Келер жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өтеді. Алыс-жақын шетелдерден келген туристерге байырғы жерлестері алдынан шығып, қызмет көрсетіп тұрса, несі жаман.    

- Биыл «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң жобасы қолданысқа енді. Оны әзірлеуге өзіңіз де атсалыстыңыз. Бұл іс жүзінде қалай жүзеге асып жатыр? Жеңілдіктерді қандастарымыз пайдаланып жатыр ма? Десе де, әлі де көштің ауқымы бәсең. Бұған не кедергі? 

- Иә, 2015 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қайта қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа Заң жобасы осы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді, қазір атқарылу үстінде. Қандастарымызды тез құжаттандыру мәселесі негізінен шешілді. Қытайдан келетін қазақтардан соттылығының бар не жоқ екенін айғақтайтын құжатты талап етуді доғарсақ, бұл жағына нүкте қоюға болады. Соның нәтижесі болса керек, өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда, биыл алыс-жақын шетелден елімізге оралған қандастарымыздың саны сегіз есе көп екен. 11 488 отбасы. Шетте әлі бес миллион қазақтың мұрты бұзылмай отырғанын, есесіне ауылдарымыздың, шекара аймақтарымыздың бос жатқанын ойласақ, бұл келгендер, әрине, аз көрсеткіш!

Құдайға шүкір, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей пәрменімен Қазақ көшінің екінші кезеңінің жолы қазір ашылды. Оралмандарды қоныстандыратын арнайы өңір етіп, жеті облысты белгілетіп қойды. Экономикалық дағдарысқа қарамай, биыл 1259 отбасыға квота бөлді. Бұл жеңілдік тек осы арнаулы облысқа қоныстанған қандастарымызға беріледі. Ешқашан да ешбір елде идеалды заң болмайды. Уақыттың сұранысына, ұлт пен мемлекеттің мүддесіне сай Заң мерзімі жеткенде өзгеріп отырады. Ең жақсы Заң - сол салаға еңбегі сіңген мамандар мен сол мәселені басынан кешкен тұлғалар тарапынан жасалғанда ғана ақаусыз болады. Заң - әдемі күйсандық. Оның тілдерін тауып басып, сайрату орындаушының шеберлігіне тікелей байланысты.  Аталмыш заң жобасында оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын бұдан өзге де мемлекеттік қолдау шаралары көп. Ол үшін, оралмандар немесе оның отбасы мүшелері ең алдымен оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілуі шарт. Бұл енді жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы, солар атқаруға тиісті шаруа. Мысалы, сол өңірлік квотаға ену туралы өтінішті қандастарымыз Қазақстан Республикасына келмей тұрып-ақ, өз еліндегі консулдықтар арқылы беруге болады. Этникалық қазақтардың құжаттарын қабылдау, тіркеу, оларды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жіберу - Сыртқы істер министрлігінің шетелдердегі мекемелерінің міндеті. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келу шарттары, қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы шеттегі этникалық қазақтарға ақпарат беру де Заңда сол консулдықтардың құзыретіне жазылған. Жасыратыны несі бар, Сыртқы істер министрлігі бұл міндетін орындап отырған жоқ!

Көшіп келіп, «оралман» мәртебесін алған қандастарымызға шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден, арнайы жер қорынан, иммиграциялық жер қорынан және бос жерден уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерi берiледi. Және ол жер учаскелерiнің пайдалану құқығын қандастарымыз ешбір конкурссыз, аукционсыз ала алады. Барлық облыс, аудан әкімдері Заңның бұл тармағын атқарып отырған жоқ!

Барлық саладағы атқарушы биліктің есінде болсын, көші-қон саясаты - Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті ала салып, ерте жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан - алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған осы батыл әрі тарихи шешімі!

Өкінішке қарай, міне, 25 жыл болды, бұл саясаттың тарихи мәні мен стратегиялық маңызын бағамдауға келгенде атқарушы биліктің таным-түсінігі әлі де тиісті деңгейде емес. Қалай болғанымен де, Алатау мен Сарыарқаны бетке алған қазақ көші енді тоқтамайды. Жыл санап көбейе береді. Сол үшін облыс, аудан әкімдері бүгіннен бастап жоспар-жобасын жасап, келетін қандастарының жұртын дайындауға кіріскені абзал. Ағайындар көшіп келе қалғанда жұрт та, Жер де сақадай сай боп тұру керек! Ертең ел қарасы молайғанда, орналастыру мәселесі қиындап кетуі мүмкін.   

- Сіздің ойыңызша, алғашқы қадамда жұмысты неден бастау керек?   

- Ең алдымен, қайталап айтайын, көші-қон саясатының бар екенін, оның енді үздіксіз жалғаса беретінін терең түсіну керек. Құдайға шүкір, өткен жылы Елбасы «Ол саясат өзгермейді. Бізге көшіп келем деген ағайынға - қазақтарға есік ашық!»-деп шегелеп тұрып айтты ғой. Енді бейжай қарауға орын жоқ! Қайта, ол жөніндегі тәртіп пен ақпаратты күшейту керек. Көші-қон саясатының кемшіл тұстарын, жетпей жатқан жақтарын айтатын тәуелсіз ақпарат құралдары жеткілікті. Олар өз миссиясын тиісті деңгейінде орындап келеді. Қазақ көшінің үзіліп қалмай жалғасуына сіңірген еңбегі мол! Ал, жеткен жетістіктер, заңның атқарылу барысын айтуға келгенде биліктің құзырындағы БАҚ шабан қимылдауда. Міне, жыл басынан бері Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойланып жатыр. Жылдың соңы болайын деді. Тұңғыш Президенттің ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты жөнінде көп ештеңе айтылып, көрсетіліп жатқан жоқ. Бір жылда бір ұлттық арнаның өзі қаншама көп сериялы кино түсірді. «Хабар» арнасында да аз емес. Қандастарымыз өмірінен бір кино тұрмақ, бір эпизод бар ма сол киноларда? Көші-қон десе болды, екі-үш депутатты, Көші-қон комитеті басшыларын, ішкі-сыртқы істер министрлігінің өкілдерін және бір-екі оралман қазақты шақыра салып, «Тәуелсіздіктен бері қай елден қанша қазақ келді?!», «Қандастарымыз Отанымызға не берді?!»... деп бағдарлама жасаудың заманы өтті. Біздің телеарнадағы бағдарлама тізгінін ұстаушылар мен журналист қыз-жігіттер аудан-ауданды аралап, Елбасы қолы қойылған көші-қон заңындағы жеңілдіктер мен тиімділіктердің әкімдер жағынан атқарылу жағдайын ортаға салу керек қой. Жетістікті жалпақ әлемге жария етуі тиіс. Бір не екі күн емес, әр телеарнадан берілетін әр күнгі кешкі жаңалықтарда кем дегенде бір жаңалық ауылдарға көшіп келген қандастарымыздың өміріне арналғаны дұрыс. Сөйтіп, атқарушы биліктің назарын көші-қонға, елді сауаттандыруға аударуға болады.  

Сауаттандыру дегеннен шығады, ауылдық жерлерге келген қандастарымыздың заңдық сауаты аз. Оларды, қойып, зиялы санатындағылар да интернетте тұрған көші-қон туралы заңды ашып қарамайды. Бұл да жергілікті билік атқаруға тиісті міндет. Әр аудан биыл қанша оралман қабылдауға қауқарлы екенін, келер жолы қандай жоспары бар екенін жыл басында бір мәрте болса да айтып, БАҚ арқылы қандастарына арнайы мәлімет беріп тұрса, жақсы болар еді. Жақында, Жарқын-7 деген атпен интернет қолданушы жігіт Қытайдың «wechat» желісін пайдаланып, «дәрісханалар» ашыпты. Кезегі келгенде мен де сол «дәрісхананы» пайдаланып, арғы беттегі ағайынға еліміздің көші-қон саясаты, көші-қон заңы жайында қолтелефонмен екі жарым сағаттан екі мәрте дәріс оқыдым. Бұл дәрістер MP3 нұсқамен осы желі арқылы жүз мыңдаған адамға таратылды. Ел кәдімгідей сауаттанып қалды. Мемлекеттің көші-қон саясатын, оның тиімді тұстарын, Елбасымыздың өздеріне жасап отырған зор қамқорлығын біліп, алғыстарын жаудырды. Демек, қаншама ұлттық, отандық телеарналарымыз тұрып, Қытайдың «wechat» желісіне жүгінгеніміз ұят болар. Әлемдегі барлық қазаққа үні жетіп отырған «ҚазАқпарат» секілді халықаралық агентіктердің қолға алуы құптарлық жағдай.

    -  Оқуға келетін жастардың да саны бұрынғыдан азайыпты...

- Жастар жағына келсек, олардың Атажұртқа келіп оқуына мүмкіндік толық жасалған. Атап айтар болсақ, «Білім туралы» заңда шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру туралы арнайы бап бар. Онда «1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар. 2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі. 3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады», делінген. Сосын, көші-қон заңында да «Қазақстан Республикасына білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін: 1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге; 2) тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар» деп жазулы тұр. Бұл өткен жылы біздің ұсынысымызбен қосылған жаңа тармақ. Оның сыртында әр жылы жоғары оқу орындарына қабылданатын жалпы студенттердің 2 пайызы Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтарға (жастарға) беріледі. Осының бәрі жастардың Отан құшағына көптеп оралуы үшін мемлекетіміз тарапынан жасалған зор мүмкіндік. Сондықтан, жастарға келуге, оқуға, азаматтық алуға еш кедергі жоқ. Енді Атажұртқа келу үшін алдағы жаңа жылдан бастап шеттегі қазақтарға Сыртқы істер министрлігі бір жолда үш жылдан асатын уақытқа виза беру тәртібін кіргізгелі отыр. Бұл тәртіп күшіне енсе, визаның кезегі жоғалады. Ең кереметі, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әр сөзінде жастардың көп келуін айтып отырады. Жетпей жатқан бір-ақ нәрсе бар. Ол - осы мүмкіндікті айтатын, жеткізетін тетіктің және де сол ақпараттың аздығы.

- Сіз Елбасы, Үкімет, жергілікті атқарушы билік жөнінде айттыңыз. Ал, бұрындары келіп алған ағайын енді көшіп келем деп отырған қандастар үшін не істеп беру керек деп ойлайсыз?

- Өте дұрыс сұрақ! Өзім де осы жағын айтсам ба деп отыр едім. Құдайға шүкір, бір миллионға таяу қазақ Атажұртқа ат басын тіреп, қоныстанып, қалыптасып үлгерді. Жас мемлекет үшін бұл өте үлкен жетістік. Ұялмай айтатын, мақтанатын нәтиже! Соңғы кездері көш аздап саябырлаған еді. Міне, оның да күрмеуі шешілді. Жаңа заң, жаңа Үкімет жасақталды. Енді, Алла қаласа, келген қандастарымыздың саны бір жарым, екі миллионға да жетер. Ол үшін тек, Үкіметке сүйену, бәрін сол жақ шешеді деу жараспайды. Өзіміз де құлшынуымыз керек. Дамыған ұлттар Ұлттық қорлар құрып, алыстағы ағайынын Атажұртына шақырғалы бір ғасырдан асты. Басқа болмаса да Көші-қон саласында еврей мен немістің сол тәжірибесін біз де қолдануымыз, солардың деңгейінде жұмыс істеуге тырысуымыз керек еді. Бірақ, соған сана, түсінік жетіңкіремей жатыр. Кәсіпкерлікпен шұғылданып, ақша тапқан жігіттер ортақ ұлттық деңгейдегі шаруадан гөрі, ата-бабасына ас беру, ат шаптыру сынды рулық шеңбердегі ұсақ-түйектен беріге озбай тұр. Ата-бабаны, батырларды ұлықтаудың да заманға сай жаңа үлгісін жаратуға әбден болады. Той-томалақ жасаумен емес, оның жат қолында қалған ұрпағын азат Отанына жеткізумен шұғылдану - әлдеқайда сауапты іс. Бір мысал айтайын. Өзіңіз білесіз, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл деген ауданы бар. Сол ауданға 16 ауылдық округ қарайды. Соның 11-нің аты орысша. Солтүстік облыстардағы Волошинка, Заградовка, Заречный, Илинка, Корнеевка, Николаевка, Петровка, Пакровка, Спасовка, Ясновка, Явленка атты ауылдардан сүрініп жығыласың. Тіпті, Ленин, Калинин атты ауылдар да бар. Егер біздің арғы бетте отырған және бергі бетке көшіп келген ауқатты ағайындар бірлескен Қоғамдық қорлар құрып, сол елді мекендерге туыстарынан 100, 200 отбасыдан әкеліп қоныстандыруға жол ашса, ертең сол ауылдар шетінен «Оспан батыр ауылы», «Ер Жәнібек ауылы», «Зуқа батыр ауылы», «Қызай ана ауылы»... болып шыға келмесе, маған келіңіз. Ата-баба үшін бұдан артық қандай даңқ, атақ керек. Көш керуенінің басын жеті облысқа бұрудағы тағы бір мақсат осы болса керек. Сөз басында Сіз «көштің маңызы» жайлы сұраған сияқты едіңіз ғой, міне, соның дәл жауабы.

Көші-қон жұмысымен айналысып жүріп, менің соңғы бес жылда түйгенім - бұл саланың қыры мен сырын жеттік білетін, онымен арнайы айналысатын қайраткер тұлғалар болу керек екен. Бүгінгі күннің жағдайынан алғанда, мемлекеттік басқа қызметте жүріп, бұл жұмыспен шұғылдану қиын. Қайраткер үшін сөзсіз басшы болу шарт емес. Шын мәніндегі ұлтына жаны ашитын қайраткер - қандай жағдайда да өз ықпалын жүргізе береді. Қоғамдық қорлармен қоғамдық бірлестіктерді қаржыландырып, арнайы «сайланған» ықпалды азаматтарды аудандарға жіберіп, қандастарымыздың жағдайын қадағалап отыруға әбден болады. Олар аудан әкімін, оның ішкі саясат, еңбекпен қамту бөлімі, жер басқармасы басшыларын, көші-қон полициясы бастығын және оралмандарды бір үстелге шақырып, заңда белгіленген тиімділіктерді түсіндірсе, оны жергілікті атқарушы билікке істетуге үндесе, нәтижесін БАҚ арқылы жариялап отырса, көші-қон саясаты толық атқарылады. Елбасы арманы орындалады. Екі жаққа да пайдалы болады. Мұндай игілікті жұмыстарды атқаратын мүмкіндік бізде бар. Бірақ, түбі соған келеміз. Біздің буынның міндеті осы!

        Сөз соңында бір ауыз тілегіңіз?

- Көші-қон дегенде ең алдымен ауызға түсетін бір қасиетті сөз бар. Ол - Тәуелсіздік! Оның басында бір кемеңгер тұлға, әлем таныған, мойындаған ірі саясаткер тұрады. Ол - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Алла осы екеуіне амандық, жұртымызға тыныштық берсін! Тәуелсіздіктің Ұлы тойы құтты болсын! Қазақ көші тоқтамасын!

 

Соңғы жаңалықтар