Ауыт Мұқибек: Мәжілістің VІІ шақырылымынан халықтың үміті зор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғам қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ауыт Мұқибек алдағы Парламент сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент сайлауы заңға сәйкес өз уақытында өткелі жатыр. Бұл – өте жақсы жаңалық. Мұндай сайлаудың кезектен тыс өтуі халықтың наразылығына ұшырап келгені белгілі. Енді VІІ шақырылымнан халықтың күтіп отырған үміті өте зор. Мәжіліске қатысты қазір халық көп шын пікір айтып жатыр. Себеп, ондағы жасы ұлғайып кеткен адамдар көп. Өздерінің жеке кәсіпкерлігін қорғау үшін келгендер де аз емес. Одан қалса, қызметтен босаған экс-мемлекеттік қызметкерлердің де Парламентке келіп отыра қалады. Содан барып Мәжілістің сапасы төмендеп, кемелді заң қабылдауға әсерін тигізеді. Кемелді заң қабылданбағандықтан, экономикамыз алдыға жылжымай тұр. Пандемия кезінде халық сапасыз заңдардың кесірінен көп зиян тартты. Сол себепті бұл шақырылымға жаңа тұлғалар мен жаңа кәсіби мамандар көп келуі керек», - деді Ауыт Мұқибек ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде.

Ұлттық кеңес мүшесінің айтуынша, Парламент Мәжілісіне алдағы уақытта енетін оппозициялық партиялар – шын мәніндегі оппозициялық партия болуы керек.

«Оппозиция деген қолдан жасалмауы тиіс. Бізде оппозиция десе болды – төңкеріс жасайтын, бүлдіріп, мемлекеттің бағытын басқа жаққа алып кететін сияқты болып көрінеді. Олай емес! Оппозиция деген еркін пікірлі әрі ойын ашық айтатын адам деген сөз. Оппозиция да маман болуы керек. Құдайға шүкір, 30 жылдың ішінде олар да тәрбиеленді, тәжірибе жинады. Белгіленген регламент пен қабылданған заңнан асып ешкім де жұмыс жасамайды. Бұл – бір. Екіншіден, Мәжілістің құрамында көпбалалы аналар, жастар, әйелдер секілді әлеуметтік топтың өкілдері болатын болды. Бұл да жағымды жаңалық. Осы жерде және бір маңызды әлеуметтік топ ескерілмей жатқан секілді. Мұны Елбасы айтып еді. Бұл – шеттен келген ағайындардың өкілі. Қандастарға белгілі бір дәрежеде мүмкіндік беру керек», - деп Ауыт Мұқибек праймеризге қатысқанын, тәжірибе жинап, саяси өмірге тіпті де ішкерлей араласқанын қуана атап өтті.

«Праймеризде электораты көп адамдар дауыстың көбін алып кетті. Мәселен, ректорлар. Бүкіл мұғалімдер, оқытушылар партия мүшесі болды да, жоғары дауысқа ЖОО басшылары ие болды. Екіншіден кәсіпкерлер мен бас дәрігерлер. Олардың да қол астындағы қызметкерлері көп. Шеттен келген ағайындардың электораты жоқтың қасы. Олардың көбі партияға мүше емес. Өте аз. Соған қарамастан 2-3 мыңға дейін дауыс жинаған қандастарымыз бар. Осы сайлауда солардың үні ескерілсе деген үміттемін. Себебі көші-қон – Елбасының саясаты. Ол ешқашан тоқтамайды. Оның, керек десеңіз, екінші алтын дәуірі басталайын деп тұр. Пандемия тоқтап, көрші елдердегі саяси жағдайлар тұрақталса, шекара ашылса, Қазақстанға лап етіп миллиондаған қазақ келгелі тұр», - деді қоғам қайраткері.

Ауыт Мұқибек 30 жылдан бері көш қарқынының өз деңгейінде болмауының бір себебін заңның ала-құлалығынан көреді. Оның айтуынша Парламентте сол мәселені білетін депутаттар болуы тиіс.

«Көштің саябырлағанның сыртында, келіп алған қандастардың құжаттанудағы кедергілерден көрген қиындығы да аз болған жоқ. Сондықтан кем дегенде Парламент Мәжілісінде 2 депутат қандастардың қатарынан болуы керек деп есептеймін. Бұл сөзсіз ескерілуі керек. Алдағы сайлауда осы мәселе шешілсе екен деп үміттенемін», - деп түйді Ауыт Мұқибек.

Еске сала кетсек бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялаған болатын.

«Бүгін мен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойдым. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы тағайындалады. Алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес, 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфрақұрылымдарды жетілдіруіне уақыты жеткілікті болды», - деді Президент үндеуінде.


Соңғы жаңалықтар