Ауыр сырқаты бар балалар Еңбекмин қызметкерлерінен жаңа жылға сыйлықтар алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа жыл қарсаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері (бұдан әрі – Еңбекмині) «Аяз Атаға хат» қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомоствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

Министрлік қызметкерлері акция шеңберінде өз қаражаттарына ауыр сырқаты бар 1105 балаға сыйлықтар сатып алды.

Қайырымдылық шарасы ағымдағы жылғы 24-30 желтоқсан аралығында өтті.

Осы кезеңде Еңбекмині қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласындағы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған «Бақытты шаңырақ» отбасылар қорына барды. Бүгінде Қордың қамқорлығында 310 отбасынан 330 бала бар. Оларға Министрлік ұжымының атынан жаңа жылдық тәтті сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде лейкозбен ауыратын балалар ойыншықтар мен тәтті жиынтықтар түріндегі жаңа жылдық сыйлықтар алды. Бүгінгі таңда Қазақстанда бұл дертке шалдыққан 16 жасқа дейінгі 775 бала тұрады.

Осылайша, Жаңа жыл қарсаңында ҚР Еңбекмині ұжымының әрбір қызметкері өз қаражаты есебінен әлеуметтік қолдауға мұқтаж кішкентай қазақстандықтар үшін мерекелік көңіл-күй сыйлауға үлесін қосты.

Министрлікке мүгедектігі бар балалардың ата-аналары атынан көптеген алғыстар келуде.

«Бізге жаңа жыл қарсаңында назар аударғаны үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің барлық қызметкерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз және рахмет айтамыз! Барлықтарыңызға денсаулық, табыс және бақыт тілейміз. Ең бастысы, сіздің балаларыңыз әрқашан көз қуаныштарыңыз болсын! Үлкен рахмет», – деп ризашылығын білдірді Жанна Махамбетова.

«Мен сіздерге ұлым Кириллге көңіл бөлгендеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Ата-аналар балалары сау және бақытты болған кезде бақытты болады. Бүгінгі сіздердің назарларыңызға рахмет, мен ұлымның көзінен қуанышты көрдім. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің барлық қызметкерлеріне денсаулық тілеймін», – делінген Ксения Кириленко хатында.

«Менің ұлыма сыйлық бергені үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне үлкен рахмет. Барлық жақсылық пен игілік тілеймін», – деді Юлия Шумская.

«Сыйлықтар үшін, жаңа жыл алдындағы тосынсый мен ғажайып үшін көп рахмет! Бізге қатты ұнады!» – деп жазды Екатерина Инутина Instagram-да.


Соңғы жаңалықтар