Ауыр науқастанған шымкенттік қыз Астанада қайтыс болды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Ауыр дертпен бес жыл күрескен шымкенттік он жастағы Лаура Сағатова қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыздың анасы Айнагүл Елтаеваның айтуынша, Шымкенттегі қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан қыз өткен күні комаға түскен. Кеше көзін ашқанмен тым әлсіз болған. Түс қайта Шымкентке Астанадан санавиация ұшағы жеткен.

«Кешке қарай бізді Астанадағы Ана мен бала орталығына алып кетті. Жеткен бойда қызымды жансақтау бөліміне жатқызды. Бүгін таңғы 8-де оның көз жұмғанын айтты. Дәрігерлердің айтуынша, артық мазаламай, Шымкентте қалдыра бергенде дұрыс болушы еді. Ұшақпен бекер ұштық», - дейді Айнагүл Елтаева.

Қазір мәйітті Шымкентке қайтару мәселесі қарастырылып жатыр.

Еске сала кетейік, қыз беске толғанда асқа зауқы болмай, арықтай бастаған, 10 жасында қыздың салмағы небәрі 11 кг еді. Оны емдеуге нақты диагноздың болмауы да кедергі жасаған. Кезінде ташкенттік дәрігерлер науқасқа тұқым қуалайтын митохондриальная энцефаломиопатия диагнозын қойғанымен, қазақстандық дәрігерлер оны растамаған.

Балалар омбудсмені Зағипа Балиева көмекке келген соң қыздың отбасында оны шетелде емдеу мүмкіндігі туды. Өкінішке қарай, қыздың анасы Оңтүстік Кореяға құжат жинай бастаған кезде Лаураның жағдайы күрт нашарлап, 21 ақпанда жансақтау бөліміне жатқызылған.

Фото: gorod55.ru

Соңғы жаңалықтар