Ауыр дертке шалдыққан балаларды суретпен емдеуші: Қолыңнан келетін жақсылықты жасау - бақыт

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Кең болсаң – кем болмайсың». Осындай қағиданы ұстанатын кәсіби суретші Әлия Сарбалина балалар ауруханасының қабырғасына ертегі кейіпкерлерінің суретін салады. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, туындылары арқылы ауруханада жатқан балалардың көңіліне қуаныш сыйлағысы келетін суретші «ҚазАқпарат» тілшісіне сұхбат берді.

Бірнеше жыл бұрын Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында суретші Әлия Сарбалинаның қызының жүрегіне күрделі ота жасалған. Олар көңілді құлазытатын аурухана қабырғасында ұзақ уақыт жатқан. Кейіпкеріміздің айтуынша, олар жатқан бірінші қабаттағы бөлме қараңғы болған. Ол бөлім меңгерушісіне барып, аурухананың қабырғасына ертегі кейіпкерлерінің суретін салуға рұқсат алған.

«Бұл жұмысты қайырымдылық ретінде тегін түрде істедім. Аурухана қабырғасына Корней Чуковскийдің суреттерін салып шықтым. Осыдан кейін ауруханадағы аналар балаларына ертегі айтып беретін болды. Балалар дәлізде жүрген кезде қабырғадағы ертегі кейіпкерлеріне қарап, аналары айтқан ертегіні естеріне түсіріп, армандайтын, қиялдайтын болды», дейді кәсіби суретші.

Әлия мұнымен тоқтап қалғысы келмеген. Ол қуанышта да, қайғыдада да қасынан табылатын құрбыларымен қосылып «Мейірімді суреттер» жобасын қолға алған. Осылайша олар Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орналасқан аурухана бөлімшелерінің қабырғаларына ертегі кейіпкерлерінің срутені салып шыққан. Оның ішінде әртүрлі ауруханалардың балалар онкологиясы, фтизиотерапия, кардиология және реанимотология, пульмонология, онкохирургия бөлімдері бар. Тіпті, олар Компьютерлік томография, магнитті резонансты томография аппараттарының өзін ертегі кейіпкерлеріне айналдырып жіберген.

«Мейірімді суреттер» жобасының негізін қалаушылар – Наталья Кожевникова, Надежда Малякина, Салтанат Кусбекова, Виктория Цимбаль, Марина Ковалева. Қайырымдылық жобаларымның басты серіктесі – Гауһар Жүрүмбаева. Біз аурухана қабырғасына суретте тегін түрде салып береміз, ал медициналық мекемелер бізге бояуды тегін береді. Бәрімізде кәсіби білм бар, сол себепті қабырғаға суретті сапалы етіп саламыз», - дейді Әлия Сарбалина.

Осылайша суретшілер аурухана қабырғасын арт-нысанға айналдыруда. Суреттерге көңілі ауатын балалар дәрігерден қорықпай, емді де қуана ала бастайды.

«Бізге ем алатын кабинеттерге де сурет салу туралы ұсыныс айтылды. Балалар үшін ем алатын кабинеттің қабырғасында қызықты кейіпкерлерді суреті болғаны маңызды. Олар қабырғаға қарап, дерті туралы бір сәтке болсын ұмытып кетеді. Қабырғана ғажайып понидің, Винни-пухтың, Ай айдаһарының және басқа да ертегі кейіпкерлерінің суретін саламыз», - дейді ол.

Оның айтуынша, балалардың өзі де қабырғаға сурет салып, үлесін қосқысы келеді. «Мейірімді суреттер» жобасының мүшелері сурет салғысы келетін балаларға шеберлік сыныптарын өткізіп, сурет салу машығын қалыптастырады. Демек, балалардың қалауы да назардан тыс қалмайды.

«Оларға альбом мен фломастер алып береміз. Әр палатадағы бала сурет салумен айналыса бастайды. Ауыр науқастанып жүрген бүлдіршін қыз қабырғаға кемпірқосақтың суретін салған болатын. Ол суретті бар ынтасымен салды. Оның суретін өзгеріссіз қалдыруды жөн көрдік. Балалардың көбімен достасып кетеміз, тіпті әлі күнге дейін хат алмасып тұратын балалар бар», - дейді ол.

Суретші қабырғаға салынған суреттер 5 жыл бойы өшпей тұра беретінін айтты. Ол бірнеше жыл бұрын ҚР Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен бірлесіп акция өткізген. Балалар қатерлі ісігімен күрес күнінде олар онкологиямен ауыратын балаларға арналған маскаға сурет салған.

«Бұл маскалар сәулелі терапияға арналған. Әр баланың өз маскасы болады. Балалар өздеріне ұнаған ертегі кейіпкерлерін айтты, ал біз олардың арманын орындадық. Бір бала Қабанбай батыр болғысы келетінін айтты. Оның бұл таңдауына таң қалдық. Балалардың бірі Супермен болғысы келсе, енді бірі Спанч Боб болғысы келді, ал бұл бала батыр бабамызға айналғысы келді», - дейді суретші.

«Мейірімді суреттер» жобасы мүшелерінің әрекеті өзге де адамдарды шабыттандырған. Мысалы, Алматыдағы ауруханалардың бірінде мейірімді адамдар балаларға арналған бұрыш жасаған. Ол жерге аквариум қойып, кілем төсеп, былғарыдан жасалған орындық қойған. Балалар осы жерде отырып, аквариумды қалағандарынша тамашалайтын болған.

«Балалар ауруханаларына үстелге қойып ойнайтын футбол алаңын қойдық. Смартфон, ноутбук сатып беретін мүмкіндігіміз жоқ, бірақ спорттық киім-кешек, жылы көрпе, жастық, суреті бар кружка сыйлай аламыз. Шама-шарқымыз жеткенше балаларға тосынсый жасағымыз келеді және оларға не сыйласақ та, қандай сурет салып берсек те шын көңілдерімен қуанады», - дейді Әлия Сарбалина.

Ол тым қою немесе ашық түстер адамды жалықтырып жіберетінін, сондықтан қабырғаға сурет салғанда көңілге қуаныш сыйлайтын түстерді таңдауға тырысатындарын айтты. Аталған жобаның мүшелері аурухана қабырғасына сурет салудан бөлек, психикалық ауытқушылығы бар балаларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген аналар мен олардың балаларына арт-терапия өткізеді. Олар сурет арқылы сезімдерін жеткізе алады.

«Арт-терапиядан кейін олардың екінші тынысы ашылғандай болады. Олар сурет салып, туыстарына сыйлайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары бастапқыда сурет салған кезде қара түсті көп қолданады. Одан кейін ашық түстерді таңдай бастайды. Демек, олар түс таңдау арқылы да қандай күйде екенін жеткізеді», - дейді суретші.

Олар карантин кезінде де қайырымдылық жасаумен айналысқан.

«Біз аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға азық-түлік пен киім-кешек тараттық. Ауруханаларды аралап, науқас балаларға керекті дәрі-дәрмектерді тауып бердік. Карантин екен деп үйде отырмадық. Мені патриоттық сезім алға жетелейді. Елімізде бәрі жақсы болсын десек – соны өзімізден бастауымыз керек. Қоғам үшін суретшіге қарағанда ғалым немесе инженер қажет, бірақ суретші суреттері арқылы жарқын болашаққа деген сенімді оята алады. Біз адамдардың ойлау жүйесінің өзгеруіне көмектесеміз. Қалаған нәрсеңді кейде сатып ала алмай қалуың мүмкін, бірақ қолыңнан келетін жақсылықты жасау - бақыт», - дейді ол.

Ол енді ересектерге арналған аурухана қабырғасына сурет салығысы келетінін айтты.

«Ауруханалардың бірімен маған осындай ұсыныс айтылды. Мен бас тартып едім, олар «Ересек адамдарға да көмек керек» деді. Одан кейін ойым өзгерді. Енді ересектерге арналған аурухана қабырғасына да сурет салуды жоспарлап отырмыз. Мұндай тәжірибе бұрын болып көрмеген. Біз онкология бөлімінде ем алып жатқан ересек науқастарға көмектескіміз келеді. Ол бөлімнің қабырғасына керемет әсерге бөлейтін суреттер саламыз деген ойламыз», - дейді Әлия Сарбалина.


Соңғы жаңалықтар