Ауыр атлетикадан ҚР чемпионы 6 адамды өрттен қалай құтқарғанын айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстанның ауыр атлетикадан чемпионы Дәурен Рымқұлов өрттен 6 адамды құтқарды. Спортшы болған оқиға жайлы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

«Кешкі ас кезінде сыртта көп әйелдердің айқайын естідік. Басында мән бермедік. Кейін біреулер «өрт» деп айғайлады. Мен әйеліме баламды киіндіріп, сыртқа шық дедім. Құжаттарды алып жүгіріп шықсам, үшінші қабатта өрт боп жатыр екен. Көп ұзамай менің әпкемнің қызы өртенген пәтерде қалып қойғанын білдім»,- деді Дәурен Рымқұлов.

Дәурен Рымқұлов көп ойланбай өртеніп жатқан пәтерге кіріп кеткен.

«Подьездің іші түтін. Көзге ештеме көрінбейді. Төменге түсіп футболка мен су алып, қайта жоғары шықтым. Үшінші қабатта ашық тұрған есіктен лаулаған өрт келесі есікті шарпып қалған. Есік терезелер ашық тұрған соң қызыл жалын ары бері шарпып жатты. Мүмкіндік пайда болған кезде есікті жауып үлгердім. Төртінші қабатқа шыққанда дем ала алмай қалдым. Жұмыста өрт қауіпсіздігі бойынша өткен сабақтар есіме түсіріп, жерге жата қалып, еңбектей бастадым. Қарындасым тұрған бөлмеде жарық жанып тұрғанын байқадым»,- деді ол.

Жігіт бөлмеге кіргенде қызды таппаған. Кейін белгілі болғандай, ол балконға шығып кеткен.

«Тез шық, әйтпесе, өртенеміз» деп айқайладым. Басын кеудешеммен жапқан күйінде подьезге алып шықтым. Екінші қабатта Азамат інім күтіп алды. Біз шығып келе жатқанда адамдар бесінші қабатта балалар қалды деп айғайлап жатты. Көп ойланбастан, жоғары шығып кеттім.

Бесінші қабатта барлық есіктерді қағып шықтым ешкім жауап бермеді. Дем жетпеген соң астына тез түсіп келіп, жоғарыға қайта көтерілдім. Бұл жолы төртінші қабатта анасы мен балалары есік ашты. Менімен көмекке келген жігіттер бірден балаларды алып шығып кетті. Ал біз өрт ортасында қалған бір отбасын құтқаруға жұмылдық. Осылайша отбасын түгел аман есен алып шықтық», - деді чемпион.

Дәурен бұл әрекетін ерлік санамайды. Кез келген адам қысылтаяң сәтте осылай әрекет ететініне шәк келтірмейтін 33 жастағы спортшы Дәурен Рымқұлов халықаралық турнирлердің чемпионы, Азия мен Әлем чемпионатының қатысушысы.


Соңғы жаңалықтар