Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының үшінші күні де тартысқа толы болмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатының үшінші күні де тартысты өтпек.

Бүгін Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында таңғы сағат 10:00-да 77 келі салмақ категориясы бойынша ерлер «D» тобында, «С» тобында (12:00), «В» тобында (16:00) сынға түседі.

Ал, кешкі сағат 16:00-де 58 келі салмақ санатында «В» тобында, «А» тобында (19:00) сынға түсетін әйелдер бағын сынайды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған салмақ бойынша әйелдер арасында қазақстандық Сәуле Садуақасова жарысқа қатысады деп жоспарланған болатын. Кейін ұйымдастырушылардың шешімімен спортшы жарыстан шығып қалды. Жарыстан тыс қалғандардың ішінде жақында жаттығулардың бірінде жарақат алған Светлана Подобедова да бар.

Дүбірлі доданың екі күні қазақстандық спортшылар үшін нәтижесіз болған жоқ. Кеше Олимпиада чемпионы Зүлфия Чиншанло әлем чемпионы аталып, өзінің серпе көтерудегі рекордын жаңартқан болатын. Ал ерлер арасында өнер көрсеткен 18 жасар Альберт Линдер 10-шы орынға тұрақтады.

Бұған дейін кеше жарыс жолына шыққан Арли Чонтей алтыншы орынмен ғана қанағаттанса, қыздар арасынан Маргарита Елисеева алғашқы айналымнан аса алмады.

Еске сала кетейік, байрақты бәсекеде 72 елден 538 спортшы бақтарын сынауда. Оның 315-і ерлер болса, 223-і әйелдер. Әйелдер жеті салмақ дәрежесі бойынша (48, 53, 58, 63, 69, 75, +75 келі) сынға түссе, ерлер сегіз салмақта (56, 62, 69, 77, 85, 94, 105, +105) жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайтын болады. Қазақстан құрамасы бұл додаға толық құрамда қатысып отыр.

Соңғы жаңалықтар