Ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына күміс жүлде түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Таиландтың Паттайя қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Игорь Сон ел қоржынына алғашқы медальді салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

55 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз қоссайыс нәтижесі бойынша 266 (120+146) келіні бағындырып, күміс жүлдегер атанды. Осы салмақта сынға түскен тағы бір отандасымыз Арлей Чонти қоссайыс қорытындысы бойынша (118 + 145) 263 келіні бағындырып, бесінші орынға табан тіреді.

Бұл салмақта бас жүлдені қоссайыс қорытындысы бойынша 294 (128 + 166) келіні еңсерген Солтүстік Корея өкілі Ом Юн Чхоль жеңіп алса, үздік үшітікті 265 (118 + 147) келіні еңсерген ирандық Абдулрахим әл Салима түйіндеді.

Айта кетейік, аталған біріншілікте әйелдер арасындағы бәсекеде Қазақстаннан 55 келі салмақта Зүлфия Чиншанло мен 71 келі салмақта Екатерина Быкова ел намысын қорғап жатыр.

Ал ерлер арасында 8 зілтемірші бақ сынайды. Атап айтар болсақ, 55 келі салмақ дәрежесінде Арли Чонтей мен Игорь Сон, 81 келі салмақта да екі бірдей атлетіміз сынға түседі. Олар - Нижат Рахымов пен Айдар Қазов.

Ал 89 келі салмақ дәрежесінде Денис Улановқа үміт артылса, 96 келі салмақта Илья Ильинге сенім артамыз. 109 келі салмақта Ибрагим Берсанов ел намысын қорғамақ.

Айта кетейік, Паттайядағы әлем чемпионаты Олимпиада ойындарына іріктеу турнирлерінің санатына жатады.

27 қыркүйек күні мәресіне жететін жарыста ерлер мен әйелдер тоғыз медаль жиынтығын сарапқа салады.



Соңғы жаңалықтар