Ауыр атлетика: Алексей Чуркин қола жүлде алды

None
Фото: olympic.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында қазақстандық Алексей Чуркин (73 келі) қола жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде сенімді ойын көрсетті. Алғашқы сайысында 146 келіні төбесіне көтерсе, аталған бәсекені ол 154 келі нәтижемен аяқтады. Бұл нәтиже оған кіші күміс жүлдеге қол созуға мүмкіндік берді.

Ал, серпуде ол екінші жаттығуда 186 келіні бағындырды. Одан кейін екі мәрте 191 келі салмаққа тапсырыс берген еді. Алайда, оны бағындыра алған жоқ. Бұл салмақты еңсергенде Азия чемпионы атанатын еді.

Нәтижесінде қоссайыс қортындысымен еншісіне 340 келіні жазды. Осылайша, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Енді 9 мамырда ел құрамасынан Еламан Сейітқазы (81 келі) жарыс жолына шығады.


Соңғы жаңалықтар