Ауыр атлет Нұрлыбек Сәменов Таиландтағы чемпионатта алтын медаль жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтың солтүстігіндегі Шиаңгымай қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан халықаралық ЕГАТ чемпионатында Нұрлыбек Сәменов алтын медаль иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, аталмыш чемпионат - 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарының лицензиясын сарапқа салатын сайыстардың бірі. 7 ақпанда басталған чемпионат 10 ақпанға дейін созылады. Қазақстан құрамасынан Тайландқа Ибрагим Берсанов(109 келіге дейінгі салмақта), Нұрлыбек Сәменов (81 келіге дейінгі салмақта), Селімхан Әбубакаров (+109 келі), Әлихан Шайхидинов (102 келіге дейін) және Лидия Ануфриева (59 келіге дейінгі салмақта) аттанған еді.

Бүгін Қазақстан құрамасының қоржыны алтын медальмен толықты. Нұрлыбек Сәменов қоссайыс бойынша 333 келі (жұлқи көтеруде 153 келі, серпе көтеруде 180 келі) салмақты көтерді. Сонымен бірге, Нұрлыбек жұлқи көтерудегі жаттығуы үшін кіші алтын медальге және серпе көтерудегі жаттығуы үшін кіші алтын медальге қол жеткізіп отыр.

Айта кетерлігі, кеше 59 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар арасында жұлқи көтерудегі жаттығуы үшін Лидия Ануфриева 174 келі (75 келі және 99 келі) салмақты бағындырып, төртінші орын иеленген еді.

«Бүгін ерлер арасында бірінші болып Нұрлыбек Сәменов шығып, алтын медаль алды. Ертең чемпионаттың соңғы күні. Сол себепті, басқа да спортшыларымыз өзін көрсетер деген сенімдемін. Нұрлыбек үшін бұл алғашқы старт. Өзін жақсы көрсетті. Ол өзінің нәтижесін жақсарта берер деген сенімдеміз», - дейді ауыр атлетикадана ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельников.

Соңғы жаңалықтар