Ауыр атлет Денис Уланов Азия чемпионатында қола медаль иеленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық спортшы Денис Уланов қола медаль иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«81 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Денис Уланов қос сайыста 356 келі (160+196) салмақты бағындырды. Сонымен бірге, оның қоржынында серпе және жұлқи көтеруде кіші қола медальдан бар», - делінген хабарламада.

Өкінішке қарай, ауыр атлет Нұрлыбек Сәменов серпе көтеруден кейін жарақат алып, жарыс жолын аяқтады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Сарықұрлық» додасында Арли Чонтей қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты 18-28 сәуір аралығында өтеді. Құрлықтық дода 2020 жылғы Токио Олимпиадасына жолдама беретін лицензиялық турнир саналады.

Аталмыш жарыста еліміздің атынан 18 ауыр атлет сынға түсіп жатыр. Олардың қатарында ерлерден Арли Чонтейден өзге Фархад Харки (67 келі), Нұрлыбек Саменов (81 келі), Денис Уланов (81 келі), Нижат Рахимов (89 келі), Рүстем Сыбай (96 келі), Илья Ильин (96 келі), Александр Зайчиков (109 келі), Ибрагим Берсанов (109 келі), Селимхан Абубакаров (109 келіден жоғары) бар. Ал қыздарда Зульфия Чиншанло (55 келі), Карина Горичева (64 келі), Екатерина Столяренко (71 келі), Жазира Жаппарқұл (71 келі), Екатерина Быкова (76 келі), Раушан Мешітханова (81 келі), Лариса Кобелева (81 келі), Айзада Муптилда (87 келіден жоғары) жарыс жолына шығады.

Соңғы жаңалықтар