Ауылға тиесілі жер жеке меншіктен қалай шығарылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдеріне ауылға тым жақын жатқан жеке меншік жер ауылдың қорына қалай берілетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақмола облысының Шортанды, Ақкөл аудандарында дәл ауылдың іргесінде 500 метр радиуста егіс алқаптары бар. Жаңа заңның аясында мұндай жерлер елді мекеннің игілігіне қалай қайтарылады?» - деп сұрады БАҚ өкілі министрден.

«Өткен жылдың басынан бері заңнамаға өзгерістер енгізілген. Соның негізінде жергілікті әкімдіктер ауылға жақын жер алқаптарын Үкіметтің резервіне алып қойып, иелеріне қаражат төлеп, босаған жерді елді мекеннің мал басына қарай жайылым ретінде пайдалану мүмкіндігі беріліп отыр.

Ол мүмкіндікті пайдалануды әкімдіктер қазір негізінен бастады. Оның оң әсері болады», - деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, министр қазір елдегі қоймаларда пияздың 100 мың тоннадан астам пияз ғана қалғанын айтты.

«Біз 1,1 млн тонна пияз өндіргенбіз. Өзіміздегі тұтыну көлемі 300 тонна ғана. Мысалы, былтыр 800 мың тонна пияз өзімізге де, экспорттауға да толық жеткен. Биыл әлем бойынша өте қиын жағдай туындап тұр. Негізгі пияз өндіруші елдер түрлі табиғи себептерге байланысты жылдағы көлемді бере алмады. Айталық, Пәкістанда қиындықтар бар. Ал бұл ел пияздың әлемдік қоймасы саналатын. Бір жерінде су тасқыны, бір жерінде қуаңшылық болды. Бұл елдерде экспорт көлемі күрт қысқарды да, біздің пиязды көршілес елдерге шығара бастады. Қазір қарап отырмыз, өзімізде пияздың 100 мың тоннадан астам қоры бар. Ерте пісетін пияз келгенше, көктемге дейін осы пиязды сақтау керек. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия пиязды сыртқа шығаруға шектеу қою туралы шешім қабылдады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар