Валюта бағамдары:
    usd/kzt 425.02 eur/kzt 450.1

    rub/kzt 7.17 cny/kzt 63.75
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Ауылға мемлекетке әріптес болатын «жер иесі» керек – Құмар Ақсақалов

2022 жылғы 26 қаңтар 14:36

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы басқармасының алқа отырысы өтіп, былтыр атқарылған жұмыс қорытындыланды, биылға жоспар құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының алқа отырысына өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты. Облыс әкімі карантин мен құрғақшылыққа қарамастан диқаншылардың жақсы өнім алғанын айтты. Бүгін ауыл аймақтарын дамыту агроөнеркәсіп кешенімен тікелей байланысты. Яғни облыс халқының жартысынан астамы тұратын ауылдағы өмір сүру деңгейін жақсарту – өте маңызды жұмыс.

«Мемлекет өз тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Соңғы 5 жылда облыста ауыл шаруашылығына бюджеттен бөлінетін қаражат 2,5 есеге өсті. Соның нәтижесінде өнім өндіру 1,8 есеге ұлғайды. Біздің негізгі міндетіміз – ауыл шаруашылығынан максималды қайтарымға қол жеткізу», - деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде ауылға өз қалтасын толтыруды ғана ойламай, сеніп тапсырылған аумақты дамытуда мемлекетке әріптес болатын «жер иесі» қажет.

«Ауылдағы тұрмысты жақсартуға мемлекет тарапынан қандай жұмыс атқарылды? Соңғы төрт жылда 199 ауыл мектебі, 51 мәдени нысан, 46 медициналық мекеме, 2 мыңға жуық жол жөнделіп, 150 мыңнан тастам тұрғыны бар 165 елді мекенге таза су келді. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Бірер күн бұрын ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнестің өкілдерімен, соның ішінде біздің облыстың өкілдерімен де кездесті. Президент өз сөзінде жаңа экономикалық саясатта кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі басты қағидаттардың бірі болатынын атап айтты. Сондықтан ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының жұмысын оның қаншалықты әлеуметтік бағдарланғанына және «ауылда жер иесі» бола алғандығына қарап бағалаймыз», - деді облыс әкімі.

Бүгінде әкімдікке азаматтардан түсетін өтініш-шағымдардың 32 %-ы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мәселелеріне қатысты.

«Мемлекет өз тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялармен қолдайды. 2019 жылы 32,4 млрд теңге субсидия, 10,8 млрд теңге салық түскен. 2020 жылы 42,8 млрд теңге субсидия берілсе, 12,3 млрд теңге салық салынды. Соған қарамастан кәсіпкерлер ауылдарды әлеуметтік дамытуға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмей отыр. Ауылды дамыту – мемлекет пен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ортақ мақсаты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жауапкершілігін, оның ішінде әлеуметтік жауапкершілікті заңнамалық деңгейде күшейту қажеттілігі туындады. Біз қолданыстағы заңнамаға «нақты» өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірледік. Біздің барлық ұсыныстарымыз міндетті түрде республика басшылығына жолданатын болады», - деді Құмар Ақсақалов.


Автор:

Ақерке Дәуренбекқызы

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар