Ауылдың 200 мың тұрғыны дәрігер көмегін ала алмай отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 800-ден астам ауылдың 200 мың тұрғыны медициналық көмектен қағылып отыр. Бұл туралы бүгін Сенаттағы "Өңір" депутаттық тобының отырысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында алғашқы медициалық-санитарлық көмек ұйымдарын үлкейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, соңғы 2 жылда өңірлерде 214 нысан пайдалануға берілсе, оның 67-сі жеке инвестиция есебінен салынған. Дегенмен, Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Атырау, Жамбыл, СҚО, ШҚО, БҚО және Ақмола облыстарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының ғимараттары ескіріп кеткен.

"Сонымен қатар бірқатар өңірде медициналық техникамен жабдықтау деңгейі төмен және олар жылдан жылға тозып барады. Бұған қоса, 200 мыңнан астам адам тұратын 846 ауылдық елді мекенде медициналық нысан жоқ. Осылайша, бірқатар өңір инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жеткілікті шаралар қабылдамай отыр. Мәселен, нысандардың тозуы 80 пайыздан асып кеткен Ақмола облысында соңғы 2 жылда небәрі 3 денсаулық сақтау нысаны, нысандарының тозу көрсеткіші 70 пайыздан асып жығылатын және 93 елді мекенінде медициналық ұйымы жоқ Шығыс Қазақстан облысында 1 ғана нысан салынған", - деді вице-министр.

Л.Ақтаеваның айтуынша, өңір әкімдіктері алдағы 3 жылда 120 млрд теңгеден астам сомаға 595 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салуды жоспарлап отыр. Мұнан бөлек, 228 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оларды 11 мыңнан астам медициналық техникамен жабдықтау көзделген.

"Бүгінгі күні медициналық техникамен жабдықтауға және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қосымша 22 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Бірақ, жекелеген өңірлерде ағымдағы қажеттілікті жабу үшін нысандардың саны жеткіліксіз. Осыған байланысты өңір әкімдері денсаулық сақтау инфрақұрылымдарын дамытудың өңірлік перспективалі жоспары аясыда халыққа алғашқы көмектің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз етуді ескере отырып, жұмыстарды жалғастыру қажет", - деді ол.

Соңғы жаңалықтар