Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленуде. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Гранттық қаржыландыру жүйесін жеңілдету арқылы ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленуде. Ол үшін осы айда Мәжіліске енгізілетін «Волонтерлік туралы» заң жобасы аясында тиісті түзетулер көзделетін болады. Бұл - ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды қамти отырып, гранттық қаржыландыру процестерін автоматтандыру. Осы бағытта оператор әртүрлі деректер базасынан – үкіметтік емес ұйымдар дерек қоры, Мемлекеттік кірістер комитеті дерек қоры және басқа да дерек қорлардың базасыменн интеграциялану арқылы қажетті құжаттарды дербес жинайтын болады», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, үкіметтік емес ұйымдар конкурсқа қатысу үшін ұсынатын құжаттар тізбесі 2 есеге қысқартылады. Олардың оператор алдындағы есептілігі жеңілдетіледі. Ауылдық үкіметтік емес ұйымдарды жергілікті бюджеттен қаржыландыруды ұлғайту тетіктері де көзделеді.

«Бүгінде заң жобасы жария талқылаудан өтіп, мемлекеттік органдармен және Президент Әкімшілігімен келісіліп, Премьер-Министр Кеңесінде қаралып жатыр», - деді Серік Егізбаев.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.


Соңғы жаңалықтар