Ауылдық округтердің бюджетін арттыру қадамдары пысықталуда -Руслан Дәленов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бюджеттің төртінші деңгейі енгізілген 1055 ауылдық округтің орташа табысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

«Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістер құрылымы қалай қалыптасуда? 2018 жылдың қорытындысы бойынша, ауылдық округтердің жалпы табысы 129,2 млрд теңгені құрады. Бұл ретте төрттен бірі немесе 32,2 млрд теңге өз табысы. Тұтастай алғанда, ел бойынша жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің жеке кірісінің орташа үлесі айтарлықтай қомақты емес. Бірақ облыстар, әсіресе, ауылдық округтер бойынша көрініс басқаша жоғары көрінеді», - деді министр Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Осы орайда, ол бір ауылдық округтің орташа бюджеті 122,4 млн теңгені құрағанын атап өтті. Дегенмен бюджеті 1 млрд теңгеден асатын округтер бар.

«Егер жергілікті өзін-өзі басқару кірісі үлесінің орташа мәні 25% болса, онда кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 50% -дан асады.

Осындай ауылдық округтердің көпшілігі үш аймақта орналасқан. Бұл Ақмола (56,7%), Алматы (55,9%) және Солтүстік Қазақстан (53,5%) облыстары. Атап айтқанда, ауылдық округтер бөлінісінде 173-і (бюджеттің төртінші деңгейі енгізілген 1055 ауылдық округтің арасында) өзін-өзі қамти алады. Бұл ретте, кейбір округтер өз шығындарын ауданның көмегінсіз өздері қаржыландырады. 425 ауылдық округте өз кірістерінің үлесі шығыстарға қарағанда 15-тен 50 пайызға дейін жетеді. Тек 456 округте шығыстары 15% және одан аз ғана жеке табыстармен қамтамасыз етілген. Неге осындай жағдай қалыптасып отыр? Себебі ауылдық округтерде табыстар бойынша әртүрлі әлеует бар. Бұл халықтың санына, бизнес құрылымына, көлік құралдарының санына және басқа да факторларға байланысты. Бюджеттің кіріс бөлігін нығайту үшін қосымша салық түрлерін беру қаралуда. Бірақ түсімдерді ұлғайтудың басты көзі шағын бизнесті, жергілікті экономиканы дамыту болуы тиіс», - деді Руслан Дәленов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттің IV деңгейі халық саны 2 мыңнан асатын 1055 ауылдық округте енгізілді.

Бұл қазіргі барлық ауылдық округтердің 44 пайызын құрайды. 2020 жылдан бастап қалған 1 338 ауылдық округте енгізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар